Ақтөбе өңірінде бөгетті нығайту кезінде тау-кен топырағы қолданылды

2 Мамыр, 08:33 860

Ақтөбелік ардагер Дәулетжан Күзембаев су тасқыны кезінде бөгетті нығайту жұмыстарына тау-кен массасын қолдануға кеңес берді. Нәтижесінде Мұғалжар ауданы Мұғалжар ауылы аман қалып, суды сақтап қалуға мүмкіндік болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Kazinform-ге сілтеме жасап. 

Мұғалжар ауылы аудан орталығынан 135 шақырым қашықтықта орналасқан. Мұнда 1500-ден астам адам тұрады. Көбі қиыршық тас зауытында еңбек етеді әрі мал шаруашылығымен айналысады. Мұғалжар ауылынан 6-7 шақырым қашықтықта су арнасы орналасқан әрі Жем өзеніне құятын арнаның бәрі осы ауыл маңындағы Мұғалжар тауынан бастау алады. 

Су тасқыны кезінде ауыл үстімен үш су ағыны өтті. Дер кезінде үлкен зауыттар көмектесіп, үйлер аман қалды. Алталы бөгеті мен Айрық бөгетін 1982 жылдары кәсіпкер салдырған. Алталы бөгетін салып, бау-бақша өнімдерін еккен. Ал Айрық бөгеті зауыт үшін салынған. Қиыршық тас өндіретін зауыт оны жуу жұмыстарына қолданған. Екі бөгет те қазір қолданыста,- деді Мұғалжар ауылының әкімі Әлімжан Қорғанбай. 

Су тасқыны кезінде Алталы бөгетінің бір бұрышы бұзылған. Бірақ бұл ауылға еш қауіп төндірмеген. 

1980-1982 жылдары Алталы бөгеті салынды. Сол кезде құрылыс жұмыстарына өзім де қатыстым. Халықты көкөніспен қамту, қауіпсіздік үшін деп салынды. Әрі бұл аймақ демалыс орны да болды. Алталының негізгі бөлігі сол күйі сақталған. Ал су өткен жері құлақ деп аталады. Бұл әдейі артық су төмен ағып кетсін деп жасалған еңіс. Биыл тоң қалың болып, қар тез ерігенде де бөгеттің негізі сол күйі қалып, төмен жақтан су ақты. Біз тау-кен массасын алдын ала дайындап қойдық. Оны пайдалануға қажеті болмады. Ал бөгеттегі құлақты су деңгейі төмендегенде тау-кен массасымен жабамыз. Сол кезде суды толық сақтап қаламыз,- деді еңбек ардагері Дәулетжан Күзембаев.

Оның айтуынша, зауыттар жүк көліктерін бөліп, көктемде жәрдем берді. Ал ауылдың байырғы тұрғындары өз тәжірибесімен бөлісіп, су сақтайтын аумақты кеңейтті.

Перизат Саденова
Бөлісу: