Ақтөбе облысындағы үш ауысымды мектептер мәселесі 2025 жылға қарай шешіледі

18 Мамыр 2023, 08:26 1103

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов өңірдегі білім беру, денсаулық сақтау жүйесінің жай-күйі туралы айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Облыста биыл жергілікті бюджет есебінен 4 мың орынға арналған 18 мектептің құрылысы жүргізілуде. Дегенмен бұл облыста тіркелген 5 апатты және 6 үш ауысымды мектептің мәселесін толық шешуге мүмкіндік бермейді, дейді әкім. 

Осы мәселені толық шешу үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының аясында 17,5 мың орынға арналған заманауи 20 мектеп салу жоспарлануда. Оның ішінде қазір құрылысы басталып кеткен 14 мектеп 2024 жылы аяқталады. 

Облыс басшысының айтуынша, қалған 6 мектептің құрылысын 2025 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Яғни, өңірде 2025 жылға қарай апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешіледі.

«Ақтөбе облысында сапалы медициналық қызметтермен қамтамасыз етуге қатысты нақты шаралар қабылдануда. Осы мақсатта облыстың үш ауданында көпбейінді ауданаралық ауруханалар салынады. Неге үшеу деп отырмыз, өйткені, жол торабында тұрған маңызды қалалар бар – бұл Хромтау, Қандыағаш, Шалқар. Ауруханаларды осы жерлерде салу Денсаулық сақтау министрлігімен келісілді», - деді Е. Тоғжанов.

Сондай-ақ ауылдағы денсаулық сақтау саласын жаңғырту ұлттық жобасы аясында екі жыл ішінде 20 мың халқы бар 29 ауылда заманауи жабдықталған денсаулық сақтау нысандары салынатын болады.

Облыс әкімі Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру өткен жылы басталып кеткенін айтты. Бүгінгі таңда жоба аясында 6,5 млрд теңге бөлінген.

«Қазіргі уақыттың өзінде 2,5%-бен несие беру бойынша 3 мыңнан астам адамды қамтитын 776 отбасының жобасы мақұлданды. Жобаға қатысушы ауылдарда жыл соңына қарай жұмыссыздар саны 41,4%-ға, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 39%-ға азаятын болады. Отбасының орташа табысы 182 мың теңгеден 354 мың теңгеге дейін, яғни екі есеге артады», – деді облыс басшысы.

Жалпы, «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру барысында экономикалық мәселелерді де шешу көзделуде. Соның ішінде құс етімен қамтамасыз ету деңгейі жыл соңында осы ауылдарда 3 есеге, көкөніспен қамту 23%-ға, картоппен қамту 20%-ға артатын болады.

«Бұдан бөлек, жобаларды жүзеге асыру арқылы келесі мультипликативтік әсерлерге қол жеткізіледі. Алдымен, ауылдардағы мүліктерді және жаңа бизнес субъектілерін тіркеу арқылы төртінші деңгейдегі бюджеттің салық базасы ұлғаяды. Үй іргесіндегі 100 га жер қорлары пайдалы айналымға енгізіледі. Ауылдарда 300 жаңа жұмыс орнын құрумен толық циклді 133 өңдеу өндіріс орны ашылады», - деді Е. Тоғжанов.

Өңір әкімнің айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы іске асырыла бастаған бес айдың ішінде Ақтөбе облысында 60-тан аса отбасы, яғни 250-ге жуық тұрғын қаладан ауылдық жерге көшкен.

Перизат Саденова
Бөлісу: