Ақтөбе облысында суға кеткен малды өртемесе, індет тарауы мүмкін

10 Сәуір, 10:55 721

Ақтөбе облысында қарғын суға кеткен мал өлексесінен қауіп бар, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Су басқан аймақтағы тұрғындар оларды шұғыл жинап өртеп жібермесе, індет тарауы мүмкін деп алаңдайды. Бірақ шығынды өндіру үшін де дәлел керек. Ал ауыл халқы суға ісінген төрт түлікті сақтап отыра алмаймыз дейді. Тасқынға қатысты құрылған комиссия шығын өндіруді өлексеге қарап бағаламайтынын айтыпты. Сол себепті арам қатқан мал-мүлік өртелетін болды, деп хабарлады КТК.

Ойыл ауданына қарасты Қаратал ауылының тұрғындары қарғын су келерде қорадағы ұсақ малды шығарып үлгермеген. Күні кеше тексеруге келгендер өлекселерді сақтап қоюды тапсырыпты. Одан бөлек тұрғындар ағыспен кеткен мал шығынын қалай өндіреміз деп отыр. Берсиев ауыл округінің халқы тек төрт түліктің арқасында күн көріп отыр. Мал басын көбейту үшін несие алғандары да жетерлік. Шығынымызды еселеп алмасақ та, қорадағы ірі қарамыз бен қой-ешкімізді түгендеп берсе дейді.

Ауыл әкімі тасқыннан кейін осы мал өлекселерінен қауіп айтып отыр. Індет тарап кете ме деп алаңдайды. Арнайы комиссия төрт түліктің шығынын ветеринарлардың тізімі бойынша түгендейміз деп отыр. Яғни ағыспен кеткен малдың өлексесін іздеудің қажеті жоқ. Сондықтан ауыл ішіндегі өлекселерді дереу өртеуге тапсырма беріпті.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: