Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен 31 отбасы баспаналы болды

15 Маусым, 02:30 638

Қанат Бозымбаев Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға пәтерлер сатып алу және тұрғын үй салу қарқынын тексерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Вице-премьер Қанат Бозымбаев Ақтөбе облысының су тасқынынан зардап шеккен Ойыл, Қобда, Темір және Мұғалжар аудандарында болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Сондай-ақ салынып жатқан үйлердің қарқыны мен сапасын тексерді.

Қанат Бозымбаев ақтөбеліктерге табандылық пен шыдамдылық танытқаны үшін, сондай-ақ Мемлекет басшысының үндеуін қолдаған кәсіпкерлерге алғысын білдірді.

Облыс бойынша барлығы 4691 үй зардап шекті, оның 992-сі апаттық деп танылды. 3095 үй жөндеуге келеді, 475 үй мен пәтер сатып алынады және тағы 517 үй салынбақ. Тұрғын үйді сатып алу және салу шығындарының басым бөлігін демеушілер мен меценаттар өтейді.

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоғамдық қоры Ойыл ауданында 175, Ырғыз ауданында 134 үй салады. Қобда ауданында 147 тұрғын үйді Болат Өтемұратов атындағы қор салып жатыр. Темір ауданында тағы 21 тұрғын үй «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаражатына салынуда. BI Group компаниясы Әйтеке би ауданында 26, Мұғалжар ауданында 14 үй салады. 

Eurasian Resources Group компаниялар тобы мен «Қамқор-Ақтөбе 2024» қоғамдық қоры зардап шеккендерге баспана сатып алуға дайын екендіктерін білдірді. Бүгінде олардың өкілдері 31 отбасына пәтер кілттерін табыстады.

Бүгінгі күн біз үшін ерекше есте қалмақ. Үш ай бұрын бізді эвакуациялағанда, тағдырымыз одан әрі қалай боларын білмедік. Бүгін бізге қала орталығынан пәтер беріліп жатыр. Мұндай қуанышқа қалай сенерімді білмей тұрмын. Қиын кезде қол ұшын созып, демеу болған жандарға алғысымыз шексіз, - деп ақтөбелік Нұрлан Бектасов өз қуанышымен бөлісті. 

Облыс әкімдігіне мыңға жуық отбасын қоныстандыру керек. Вице-премьер құрылыс қарқынын жеделдетуді тапсырды. 

Алда көп жұмыс бар, кейбір аудандарда қосымша жұмыс күші мен техниканы екі есеге арттыру қажет. Тұрғын үйді қалпына келтіру мәселесі Президенттің жеке бақылауында, - деп атап өтті вице-премьер.

Су тасқынынан зардап шеккендер үшін салынып жатқан тұрғын үйлерді мердігер ұйымдар жаз мезгілінің соңына дейін тапсыруға тиіс. Құрылыс барысын Ақтөбе облысы әкімдігінің ресми сайтында онлайн режимде бақылауға болады.

Зарина Арман
Бөлісу: