Ақтөбе облысында су басқан автожолдардың жайы белгілі болды

Ақтөбе облысында су басқан автожолдардың жайы белгілі болды

Ақтөбе облысында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы су тасқынының жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

20 наурызда таңғы уақытта «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» республикалық маңызы бар А-26 автожолының 288-ші шақырымында еріген қар суы жол учаскесін су басып, оның салдарынан су тасқыны орын алған еді.

Жол бетіндегі еріген судың ені 300 метр, биіктігі шамамен 20-30 сантиметрге жетті. Бұл аумақта бір су өткізгіш құбыры бар, ол тұрақты жұмыс істеп тұр.

Сондай-ақ, су ағынын бөгеу және оны болдырмау мақсатында 650 қап құм және қосымша 480 тонна құм төселді.

Су тасқынын жою үшін «КАЖсервис» ЖШС (ДЭУ-13, Шалқар) филиалынан 5 жұмысшысы және 3 бірлік мамандандырылған техника жұмылдырылды. Жолдың бұл бөлігінде көлік қозғалысы шектелмеген, көліктер кедергісіз қозғалуда. Жол жағдайы тәулік бойы бақылауға алынғаны белгілі болды.