Ақтөбе облысында Шалқар көлінің су көлемі үш есе ұлғайды

15 Қазан 2023, 07:35 1328

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Шалқар ауданында Шалқар көлінің түбін тазарту бойынша ауқымды, маңызды экологиялық жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Айта кетейік, құрылымдық бөлімнің өзгеруіне және тұрғындардың өтініштеріне байланысты жобаға түзетулер енгізілді. Облыстық әкімдік таратқан дерек бойынша, жобаның аяқталу мерзімі 2024 жылға ауыстырылды.

Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәлімдеуінше, тазарту жұмыстарының нәтижесінде көлдің орташа тереңдігі 1,7 метрден 3,6 метрге дейін ұлғаяды. Сондай-ақ, жобаны іске асыру барысында ұзындығы 3,5 шақырым және ені 10 метр учаскеде Қауылжыр өзені қосымша тазартылды. Жобаның бастапқы кезеңімен салыстырғанда жұмыстардың жалпы көлемінің 73%-ы орындалды. Нәтижесінде бүгінгі күні Шалқар көлінің су көлемі 3 есеге ұлғайып, 24 млн м3 құрады.

Қоғам белсенділері Шалқар көлінің табанын тазартуға қатысты жұмыстар баяу жүріп жатқанын, кемшіліктер барын айтуда. Оны арнайы мамандардан құралған комиссиямен бірге анықтаймыз, қадағалауға аламыз. Жанашыр азаматтардан қосымша ұсыныстар қабылдадық. Келетін су арнасы тазаланады, көктемде дайындаймыз. Оны мамандармен тағы бір пысықтаймыз, - деді Асхат Шахаров. 

Берік Арманов
Бөлісу: