Ақтөбе облысында мектеп оқушыларына кәсіптік білім беру қолға алынды

12 Қараша, 21:45 423

Ақтөбе облысында өткен жылдан бері үш колледжде эксперименттік білім беру бағдарламалары енгізілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Бұл бағдарлама аясында мектептердің 10-11 сынып оқушылары негізгі біліммен қатар, жұмысшы мамандықтарын игеріп жатыр. Жаңа оқу жылында бағдарламаға 128 студент қабылданған. Оның ішінде, Ақтөбе автожол колледжіне 58, Сервис колледжіне 40 және Ойыл кәсіптік колледжіне 30 студент оқуға түсті.

Бүгінде 199 студент техник-механик, тігінші, ауыл шаруашылығын механикаландыру және аспазшы мамандықтары бойынша білім алып жатыр. Бағдарламаға Ақтөбе қаласындағы №1 және №39 орта мектептері, сондай-ақ Ойыл қазақ орта мектебі қатысып жатқаны айтылды.

Оқушыларға мамандықтарды игеру арқылы еңбек нарығында сұранысқа ие болу мүмкіндігі берілуде. Бұл бастама өңірдегі кадр тапшылығын азайтуға және жастарды еңбекке баулуға бағытталған. 2025 жылдың қаңтарында алғашқы түлектерге дипломдар табысталады. Осылайша, мектеп түлектері еңбек нарығына дайын маман болып шығады деп күтіліп отыр. 

Зарина Арман
Бөлісу: