Ақтөбе облысында эвакуацияланғандардың 2536-сы үйіне қайтып оралды – ТЖД

8 Сәуір, 13:40 685

Ақтөбе облысы ТЖД ТЖ жою басқармасы бас маманы Нұрбек Оралбаев облыс көлемінде эвакуацияланған адамның 2536-сы үйіне қайтып оралғанын айтты, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Ақтөбе қаласында және облыстың алты ауданында жергілікті сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Облыс бойынша еріген қар суын айдау жұмыстары жүргізілуде. Миллион үш жүз мыңнан аса текше метр су сорылды. 1064 тұрғын үйді су басып, оң мыңнан аса адам эвакуацияланды, оның 4077-і бала. Эвакуацияланғаан адамның 2536-сы үйіне қайтып оралды, - деді бас маман.  

Оның айтуынша, Ойыл кентінің тұрғындары мен техникасын понтондық өткел арқылы өткізу жұмыстары жүргізілді. Ол үшін Ақтөбе облысына Алматы облысынан инженерлік әскерлер келді. 6-сәуірден бастап понтондық өткел арқылы 427 адам және 400 келі азық-түлік жөнелтілді.

Ақтөбе қаласында Қарғалы су қоймасында еріген судың ұлғаюына, Қарғалы өзенінің су деңгейінің көтерілуіне байланысты, қала маңындағы Солнечный, Садовый және тағы басқа бау-бақша ұжымдарының тұрғындарына су басу қаупі төніп тұр. Осыған байланысты 76 адам эвакуацияланды, - деп мәлімдеді Нұрбек Оралбаев.  

Сонымен қатар, облыс көлемінде 7 жолдың үстін су басу, 8 жолды су шаю оқиғасы тіркелгенін айтты.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: