Ақтаулық оқушы IChO - 2024 химия олимпиадасында қола медаль жеңіп алды

30 Шілде, 12:28 578

Сауд Арабиясында IChO-2024 химиядан 56-ші халықаралық олимпиада өз мәресіне жетті. Ақтаулық оқушылар жүлделі орындарды иеленді, оның екеуі — ең жоғарғы марапат, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

International Chemistry Olympiad дүниежүзілік ең беделді топ-7 олимпиадалардың қатарына кіреді. Қазақстандық оқушылардан құралған құрамамыз үшінші жыл қатарынан жоғары нәтиже көрсетіп келеді, биылғы жылы жас химиктеріміз қос алтын, бір күміс және бір қола медаль иеленіп, 100% нәтиже көрсетті. Олардың ішінде «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Әділжан Молдағұл бар.

Айта кетсек, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен құрама команда мүшелері бірнеше республикалық және халықаралық оқу-жаттықтыру жиындарына қатысып, 2024 жылғы Еуропалық және Дүниежүзілік олимпиадаларда 100% нәтижелер көрсете білді.

Анықтама үшін: Халықаралық ірі олимпиадаларда жеңіске жеткен оқушыларға еліміздің жоғары оқу орындарына конкурстан тыс грантпен оқуға түсуге мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ ақшалай сыйақы төленеді. Алтын медаль үшін 1500 АЕК, күміс медаль үшін 1000 АЕК, қола медаль үшін 500 АЕК төленеді және оқушыларды дайындаған тәлімгерлеріне де марапат қарастырылған.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: