Ақтау қаласын көгалдандыру бағытындағы жұмыстар белсенді түрде жүргізілуде. Қазіргі таңда қала аумағына түрлі түсті раушан, шырай гүлдері мен шалфей басқа да сәндік өсімдіктер отырғызылып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі otpannews.kz-ке сілтеме жасап.
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс орталығында жасыл желектердің түрі көбейіп, шаһар көркін арттыруға бағытталған кешенді шаралар жалғаспақ. Олардың күтімі назардан тыс қалмай, үнемі күтімде болады. Отырғызылған жасыл-желек арнайы бекітілген кестеге сәйкес суарылып отырады.
Бұдан бөлек, арам шөптерді жұлу, қажет болған жағдайда кесу жұмыстары да жүргізіледі. Бұл шаралар жасыл желектердің эстетикалық келбетін сақтау үшін аса маңызды болып отыр.
Алдағы уақытта көгалдандыру жұмыстары одан әрі жалғасып, қала аумағындағы жасыл желек көлемі ұлғайтылатын болады, деді Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Жантілек Асхатов.
Сонымен қатар, қаланы безендіру мақсатында түнгі мезгілде жанып тұратын декоративті жарық шамдары жаңартылуда. Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі қала тұрғындарынан шаһардың шырайын арттыруға бағытталған жобаларға ұқыппен қарауды қаперге салады.