Ақтау халықаралық әуежайынан Сауд Арабиясы мен Біріккен Араб Әмірліктеріне тікелей рейстер ашылады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Енді өңір тұрғындары Джидда, Медина және Дубай қалаларына тікелей ұшуға мүмкіндік алмақ. Жаңа бағыттар халықаралық рейстердің географиясын кеңейтіп, танымал шетелдік қалалармен тұрақ қарым-қатынасты орнатады.
Атап айтқанда, 26 қазаннан бастап Air Astana әуекомпаниясы Джидда мен Мединаға тікелей рейстерді іске қосады. Әуе рейстері екі аптада бір рет, жексенбі күндері орындалады. Ал 18 қарашадан бастап FlyArystan компаниясы Ақтау-Дубай бағыты бойынша аптасына бір рет, сенбі күндері тұрақты рейстерді орындайды.
Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, бұл бастама өңірдің халықаралық әуе тасымалы саласындағы қолжетімділігін арттырумен қатар, туризм мен іскерлік байланыстарды дамытуға серпін береді.