Ақтауда тоғызқұмалақтан облыстық ашық чемпионат өтті

8 Тамыз, 10:40 491

6 тамыз күні теңіз жағалауында "Ұлттық құндылық - ұлттың қазынасы" жобасы аясында тоғызқұмалақтан облыстық ашық чемпионат өтті. Чемпионаттың мақсаты - жастар арасында ұлттық ойынды насихаттап, бұқаралық сипатын арттыру, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шараны "Жеті жұрт" қоғамдық бірлестігі облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысымен, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен өткізеді.

Ашық чемпионатқа өңірдегі 15-25 жасқа дейінгі және 25-35 жасқа дейінгі ерлер және қыздар қатысып, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Жарыс реттелмелі-айналмалы жүйемен блиц бойынша өтті. Ойын шарты бойынша әр ойыншы 5 минут +2 секунд ішінде қазанына 82 құмалақ жинап алуы керек.

Тоғызқұмалақ ойыны адамды тез шешім қабылдауға, ұшқыр ойлауға, жүйрік есептеуге көмектеседі. Ойын өте қызықты әрі тартысты болды. Жүзден жүйрік шығу үшін уақыт пен сананы тиімді пайдалануға тырыстық. Жалпы өңірде ұлттық ойын қоғамдық орында ашық чемпионат ретінде ұйымдастырылғаны қуантып тұр. Жоба жалғасын таба берсін, - дейді қатысушы Фарида Новрузбаева.

Ашық чемпионат қорытындысы бойынша 15-25 жас аралығындағы ұлдар арасында Бақытжан Манаш 1-орынға ие болды. 2-орынды Тұрақбай Жұмакелді алса, 3-орынды Дамир Досымжанұлы қанжығаға байлады.

Ал 25-35 жастағы ерлер арасында Абылай Қарабалаев топ жарып, 1-орын алды. 2-орынға Парахат Джунебаев, 3-орынға Түгелбай Махсетович ие болды. Сонымен қатар үздік ойын көрсеткен. Нұрсұлтан Орақов, Дінмұхаммед Баимбетов, Ғабит Өскінбаев алғыс хатпен марапатталды.

15-25 жас аралығындағы қыздар арасында 1-орынды Фарида Новрузбаева иеленді. 2-орынға Нағима Айладер ие болды. 3-орынды Райхан Қайрат алды. Ал Әйгерім Қосумбаева алғыс хатпен марапатталды.

25-35 жастағы қыздар арасында Мейрамгүл Назарбаева топ жарды. Жүлделі 2-орынға Ақсана Жұмабаева ие болды. 3-орынды Назгүл Қайырғалиева иеленді. Ойында белсенділік танытқан 
Әйгерім Тулепова алғыс хат алды.

Жеңімпаздарды облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Мұқаш Оралбай құттықтап, тұрмыстық-техникалық дүкенге 100 мың теңге, 50 мың теңге және 30 мың теңгелік сертификаттар мен медаль табыстады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: