Ақтауда 400-ге жуық оқушы Шәмші Қалдаяқов шығармашылығына арналған қайырымдылық балға қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ақтау қаласы NIS-тің ұйымдастыруымен дәстүрлі «Әнім сен едің» қайырымдылық балы өтті. Қазақ вальсінің королі, Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған іс-шара 400-ге жуық оқушы мен ата-ананы қамтыды.
Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шараны мектеп директоры Ринат Жұмабаев ашып, ізгі іске шақыратын ауқымды шараны ұйымдастырған ұжымға және оқушыларға сәттілік тіледі.
Әуезді ән ырғағымен қатысушылар композитордың “Ана туралы жыр”, “Тамды ару”, “Кешікпей келем деп ең”, “Ақ бантик”, “Арыс жағасында” шығармаларына вальс билеп, кеш қонақтарына әсер сыйлады.
Мектеп қауымдастығын, оқушылар мен ата-аналарды біріктірген бұл қайырымдылық балынан жиналған қаражат әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек ретінде бағытталады, - деді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айбар Мырзабеков.