Ақтауда оқу орнының қараусыз қалған ғимаратынан өрт шықты

29 Шілде 2023, 16:42 737

Ақтауда қараусыз қалған ескі университеттің ғимараты өртеніп кетті, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап. 

Тұрғындардың айтуынша кеше түнде 3Б ш/а орналасқан №9 бұрынғы МГТУ университетінің ғимараты отқа оранған. Оқиға туралы толық ақпарат пен ресми деректер әзірге жоқ. Белгілісі – өртенген ғимарат қараусыз қалған. Әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбадан өрттен көтерілген қою қара түтінді байқауға болады. 

Осы оқиғадан бір күн бұрын ақтаулық тұрғындар әлеуметтік желі арқылы қараусыз қалған ғимарат туралы сауал жолдап, қайғылы жағдай орын алуы мүмкін екенін ескерткен еді. 

Ғимарат Ш.Есенов университетінің №1 жатақханасының артында орналасқан. Қасында Х.Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау жоғары политехникалық колледжі бар. Қараусыз қалған иесі жоқ ғимаратқа ұқсайды. Қоршалған аумақтың қақпасы ашық тұр. Негізгі кіреберістің әйнек есіктері сынған. Ғимараттың терезелері де ашық. Бұл жерде күзет пен бейнекамера да, дабыл жүйесі де жоқ. Онда күндіз балалар ойнайды, колледж студенттері барады, ал кешкі уақытта ішімдік пен темекі ұстағандар жиналады. Ғимаратқа жақын маңда тұратындар қайғылы оқиға орын алады деп қорқуда. Бұл туралы қайда, кімге хабарласарымызды білмейміз. Мүмкін ғимараттың иесі бар болып, меншігінің осындай халде екенін білмейтін шығар. Ғимараттың бүгінгі жай-күйін қоғам мен жергілікті атқарушы органдарға хабарлап, мәселені шешуді сұраймыз, - деп жазды тұрғын өз шағымында.

Асқар Таудай
Бөлісу: