Ақтауда мектептер 180 млнға талаптарға сай емес турникеттер сатып алған

28 Наурыз, 15:25 574

27 наурыза облыс прокурорының төрағалығымен орта білім беру ұйымдарының қызметіне жүргізілген тексерулердің нәтижелері бойынша алқа отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Алқа отырысына мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары мен бала құқықтары жөніндегі уәкіл, сондай-ақ басқа да мүдделі тұлғалар қатысты. Тексеру нәтижесінде 40 мыңнан астам оқушы мен мұғалімдердің құқықтары, оның ішінде 5 мыңнан астам адамның конституциялық құқықтары қорғалды. Сонымен қатар, 50-ден астам заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыну енгізіліп, 185 тұлға әр түрлі жауаптылыққа тартылды.

Атап айтқанда, тексерулер барысында халықтың санитарлық–эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы бұзушылықтар анықталып, СЭС қорытындысын беру кезінде заңнама талаптарын сақтамау, жалған медициналық кітапшаларды пайдалану фактілері анықталды.

Бірқатар білім беру ұйымдарында бастауыш сыныптарға арналған тегін тамақтану мәзірінің заңнама талаптарына сәйкес еместігі анықталды. Мемлекеттік сатып алу саласында Ақтау қаласының 22 білім беру ұйымында бір көзден жалпы сомасы 180 млн теңгеге техникалық сипаттамаларға сәйкес келмейтін турникеттер сатып алынды. Сонымен бірге мектептерде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, қауіпсіздікті ұйымдастыру және медициналық пункттердің жұмысы саласындағы заңдылықты бұзушылықтар анықталды, - делінген ақпаратта.

Алқа отырысында оқушылардың қауіпсіздігін арттыруға, білім сапасы мен балалардың құқықтарын қорғауға басымдық беру туралы шешім қабылданып, осы саладағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша бірқатар шаралар ұсынылды.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: