Ақтауда халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі өз мәресіне жетті

Ақтауда халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі өз мәресіне жетті

Ақтауда «Nomad puppet Aqtau» халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінің жабылу салтанаты өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Фестивальге елімізден және түркітілдес мемлекеттерден келген 10 театр ұжымы қатысқан. Іс-шара аясында түрлі жанрдағы қойылымдар сахналанып, көрермен көзайымына айналды. Сондай-ақ, мәдениет пен өнер саласының тәжірибелі мамандары әріптестеріне шеберлік сағаттарын өткізіп, кәсіби тәжірибелерімен бөлісті.

Фестиваль аясында шетелден және еліміздің әр өңірінен келген қуыршақ театр ұжымдары өз өнерлерін ортаға салды. Атап айтқанда, халықаралық деңгейде Әзірбайжан, Ресей, Түркия, Қырғызстан және Өзбекстанның театрлары қатысты. Қазақстаннан Қостанай, Астана, Ақтөбе, Шымкент және Маңғыстау облыстық қуыршақ театрлары өздерінің үздік қойылымдарын сахналады. Фестиваль қорытындысы бойынша «Үздік қуыршақ жүргізуші», «Үздік актриса», «Үздік актер», «Үздік актерлік ансамбль», «Үздік режиссерлік жұмыс» марапаттары табысталды. Сондай-ақ, гран-при мен облыс әкімінің арнайы сыйақысы үздік ұжымға бұйырды, - деді Маңғыстау облыстық қуыршақ театрының директоры Фарида Атакеева.

Іс-шара барысында Қостанай облыстық қуыршақ театрының басшысы Төленді Әлқожа фестиваль жайлы пікір білдірді.

Үш күнге созылған халықаралық фестиваль өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Біз «Мен» спектаклін сахналадық. Мұндай мәдени шаралар бізге ауадай қажет. Өйткені, әріптестерімізбен тәжірибе алмасуға, жаңа идеялармен танысуға және кәсіби тұрғыда өсуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, түрлі елден келген өнер ұжымдары өздерінің үздік қойылымдарын ұсынып, жоғары деңгейде өнер көрсетті, – деді Төленді Әлқожа.

Фестиваль қорытындысында бірқатар театр ұжымдары мен әртістер түрлі номинация бойынша марапатталды. «Ұлттық дәстүрді сақтағаны үшін» номинациясымен Әзірбайжан мемлекеттік қуыршақ театры, Түркияның Бурса мемлекеттік театры және Шымкент қалалық қуыршақ театры марапатталды. «Тарихи жадыны сақтағаны үшін» марапатын Астана қаласы әкімдігінің қуыршақ театры иеленді. «Ең үздік сценография» – Қырғызстанның Мұса Жанғазиев атындағы қуыршақ театрына, «Ең үздік актриса» – Ақтөбедегі «Алақай» театрының актрисасы Гаухар Оралбайға, ал «Ең үздік актер» – Ресейдің Набережные Челны мемлекеттік қуыршақ театрының актері Егор Митрофановқа табысталды. Өзбекстанның Ферғана облыстық қуыршақ театры «Ең үздік актерлік ансамбль» аталымында үздік деп танылды. Қостанай облыстық қуыршақ театрына Маңғыстау облысы әкімінің арнайы сыйлығы берілсе, фестивальдің гран-при марапаты облыстық қуыршақ театрының «Бабалар жері» спектакліне бұйырды.