Ақтауда халықаралық әйелдер күніне орай көпбалалы аналар марапатталды

6 Наурыз, 11:51 1146

Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев 8 наурыз халықаралық әйелдер күніне орай көпбалалы аналарға «Алтын алқа» төсбелгісін табыстады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Шараға Ақтау қаласының әкімі Ұлықбек Тналиев, көпбалалы аналар мен  тұрғындар қатысты. Кеш барысында қала әкімі нәзік жандыларды мерекемен құттықтап, 30 көпбалалы анаға «Алтын алқа» төсебелігісін табыстады.

Сіздерді келе жатқан 8 наурыз халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын! Сіздердің өскелең ұрпаққа тағылымды тәлім-тәрбие беруде, адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруда алар орындарыңыз ерекше. Аналар отбасының ұйытқысы бола отырып, халықтың тілі мен тарихы, мәдениеті мен әдебиеті, ұлттық салт-дәстүрінің құндылықтарын баланың бойына дарытады. Аяулы арулар, ардақты аналар әрқашанда құрметке лайық. Барша нәзік жандыларды мерекемен құттықтаймын! Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!, - деді қала әкімі.

Ақтауда жыл басынан бері 147 көпбалалы ана «Алтын алқа» және «Күміс алқаға» ие болды. Ал осы мерекелік шарада марапатталған көпбалалы аналардың бірі 35 жастағы Жадыра Жанабаева. 7 баланың анасы барша әйелдерге жылы лебізін жеткізді.

Мен балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істеймін. Үлкен балам 15-те болса, кішісі 2 жаста. Төрт балам мектепте оқиды. Үш балам балабақшаға барады. Барша әжелерді, аналарды және қыз-келіншектерді мерекемен құттықтаймын, - деді көпбалалы ана Жадыра Жанабаева.

Алтын алқаға ие болғандардың бірі 31 жастағы Самал Қосшұғылова. Көпбалалы ана барша әйелдер қауымын мерекемен құттықтады.

Өзім отбасыда тек екі ағайынды болғандықтан көпбалалы ана болуды армандадым. Қазір балаларым өзіме көмектеседі. Үш қызым, төрт балам бар. «Алтын алқа» алғаныма қуаныштымын. Мемлекетімізге алғысымды айтамын. Балаларымыз аман болсын!, - деді көпбалалы ана Самал Қосшұғылова.

Марапаттау рәсімі мерекелік концертке жалғасты. Кеште «Тәтті», «Аюна» және «Ертегілер» вокалды тобы «Мама» әнін айтты. Үлгілі ұжым «Радуга» балалар шығармашылық студиясы «Бозторғай ана» туындысын орындады. Халықтық ұжым «Айша қыз» би ансамблі «Ерке қыздар», «Шива» би ансамблі «Шолпы» биін биледі.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: