Ақтауда дзюдодан Asian Open турнирі басталды

8 Қазан 2023, 09:18 949

Дзюдодан Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған Asia Open турнирінің ашылу салтанатына Азия дзюдо одағының бас рефери директоры Осаки Акинобу, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Жіткеев, Маңғыстау облысы дзюдо федерациясының президенті Асылбек Жолдыбаев, облыстық спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев қатысты, деп хабарлайды  El.kz ақпараттық агенттігі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап. 

Өңір басшысы Нұрлан Асқарұлы дәстүрге айналған дүбірлі доданың қатысушыларына сәттілік тілеп, ұйымдастырушыларға алғыс айтты. 

Елімізде дзюдо күресінің қарқынмен дамып келе жатқаны баршаңызға мәлім. Оның айғағы ретінде Олимпиада ойындарындағы еліміздің жетістіктерін айтуға болады. 2024 жылы өңірімізден Олимпиада ойындарына үміткерлер шығады деп сенім білдіремін! Дүбірлі додада бақ сынауға келген спортшыларға сәттілік тілеймін, - деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев. 

XIV Asia Open турниріне 10 елден 217 дзюдошы қатысып жатыр.  Жарыстың алғашқы күнінде ерлер -60, -66, -73 кг салмақ дәрежелері бойынша күрессе, әйелдер -48, -52, -57, -63 кг дәрежесінде бақ сынады. Ал 60 келі салмақта белдескен маңғыстаулықтар Бауыржан Нарбаев 2-орын, Мерей Мархамбетов 3-орынға ие болды

Маңғыстау әкімдігі мен фзюдо федерациясына ҚР дзюдо федерациясының атынан алғыс айтамыз. 14-рет өтіп жатқан жарыс спортшыларға олимпиадалық ұпай береді. Дзюдошыларға сәттілік, - деді Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Жіткеев. 

Айта кетейік Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған Ашық Азия кубогі Халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесінде. Доданың жеңімпаздарына олимпиадалық рейтингте ұпай беріледі.

Жарыстың екінші күні ертең, 8-қазанда сағат 11:00-де Халық арена спорт кешенінде жалғасады. Онда ерлер -81, -90, -100, +100 кг салмақта, әйелдер -70, -78, +78 кг салмақта мықтыларды анықтайды.

Асқар Таудай
Бөлісу: