Ақтау әскери гарнизонының ұйымдастыруымен әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасында борышын өтеп болған әскери қызметшілердің салтанатты түрде жауынгерлік тумен қоштасу рәсімі және үздік сарбаздарға тегін жоғарғы оқу орындарына грант табыстау рәсімі өтті, деп жазады El.kz интернет порталы.
Салтанатты рәсім әскери бөлімнің саптық алаңында өтті. Іс-шараға әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасының құрамындағы сарбаздар мен жеке құрамы қатысты. Жиын барысында әскери мерзімін өтеген 217 сарбаз сертификатпен марапатталды. Сонымен қатар, қорғаныс министрлігінің бұйрығымен үздік 5 сарбазға грант табысталды.
Бір жыл ішінде үздік деп танылған 5 мерзімді әскери қызметшіге жоғары оқу орнына грант сертификаттары табысталды. Болашақта бір жыл ішінде барып жоғары оқу орындарына тегін түссе болады. Ең үздік әскери қызметшілер солай марапатталады. Қорғаныс министрлігінің бұйрығымен осындай ерекшеліктер бар. Сонымен қатар, жоғары әскери оқу орнына түсуге ниетті мерзімді қызметін өтеген әскери қызметшілерге жеңілдіктер бар. Әуе қорғаныс күштерінің басшылығы, әскери бөлім қолбасшылығы мерзімді әскери қызметшілерге зор алғысын білдіреді, - деді 51809 әскери бөлімінің штаб бастығы Нұржан Сүлейменов.
Ақтөбелік сарбаз, грант иегері Нұрайдын Бердіхан осындай мүмкіндік ұсынған ҚР Қорғаныс министрлігіне алғысын білдірді.
Әскери борышымды өтеу арқылы тегін оқу грантына ие болдым. Ең үздік маман атандым, өте қуаныштымын. Осындай мүмкіндік үшін қорғаныс министрлігі мен 51809 әскери бөліміне алғысымды білдіремін, - деді Нұрайдын Бердіхан.
Айта кетейік, өңір бойынша ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты бөлімдерден жылына 1000-ға жуық солдат әскери мерзімін өтейді. Қараша айының соңынан бастап әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасының мерзімді қызметтің сарбаздар легі ант қабылдайды.