Ақтау қаласындағы облыстық перинаталдық орталықта салмағы 6 келі 690 грамм болатын алып қыз бала өмірге келді. Нәресте дәрігерлердің көмегімен, кесарь тілігі арқылы дүниеге әкелінген, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Мамандардың айтуынша, ананың жүктілігі қант диабеті, ауыр преэклампсия және семіздік сияқты аурулармен асқынған. Бұл факторлар баланың салмағының артуына әсер етуі мүмкін.
Қазіргі уақытта ана мен сәбидің жағдайы қанағаттанарлық, екеуі де дәрігерлердің бақылауында.
Перинаталдық орталық мамандарының айтуынша, жүктілікке алдын ала дайындық пен тұрақты медициналық бақылау аса маңызды.
Болашақ аналар жүктілікті жоспарлап, алдын ала тексеруден өтуі керек. Бұл ана мен баланың денсаулығына төнетін қауіптерді азайтады, - дейді дәрігерлер.
Дәрігерлердің сөзіне қарағанда, салмағы жоғары болып туған балаларда кейбір метаболикалық өзгерістер байқалуы мүмкін. Мысалы, артық салмақ пен инсулинге төзімділік қаупі жоғары. Дегенмен, уақтылы бақылау мен дұрыс тамақтану арқылы бұл қауіптің алдын алуға болады.
Айта кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысында да салмағы шамамен 7 келі болатын алып бала дүниеге келген еді.