4-10 қазан аралығында Ақтау қаласында «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында алғашқы халықаралық кәсіби шеберлік чемпионаты TurkicSkills 2025 ұйымдастырылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Чемпионат Оқу-ағарту министрлігі, Маңғыстау облысының әкімдігі және «Talap» КеАҚ қолдауымен өтеді. Жоба мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялау бастамасынан кейін қолға алынған. Оның халықаралық маңызын WorldSkills International ұйымы да растап, чемпионаттың беделін арттырды.
TurkicSkills – түркітілдес мемлекеттердің жастарын біріктіретін кәсіби алаң. Мұнда жас мамандар өз дағдыларын дамудың, инновацияның және бірліктің негізгі қозғаушы күші ретінде танытады. Сайыстар WorldSkills стандарттарына сай өтеді.
Чемпионатқа Әзербайжан, Венгрия, Қырғызстан, Қазақстан, Түркия, Түрікменстан және Өзбекстаннан келген 70-ке жуық конкурсант пен 90 сарапшы қатысады. Олар IT-шешімдер, веб-технологиялар, графикалық дизайн, дәнекерлеу, аспаздық, электрмонтаж жұмыстары сынды 10 құзыреттілік бойынша сынға түседі.
Бағдарлама:
5 қазан – Ашылу салтанаты (Rixos Water World Aktau)
6-8 қазан – Сайыс күндері
9 қазан – Жабылу және марапаттау рәсімі (Yessenov University)
Чемпионат аясында іскерлік бағдарлама, білім беру және индустриялық тәжірибе көрмесі, мәдени іс-шаралар мен жастарға арналған нетворкинг ұйымдастырылады.
TurkicSkills 2025 – жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, түркітілдес елдердің жастары арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, аймақтың кадрлық әлеуетін күшейтуге және Қазақстанның кәсіби шеберлік орталығы ретіндегі халықаралық имиджін нығайтуға бағытталған.