Ақтау тұрғындары 12 сотық жерді тегін ала алады

30 Шілде 2023, 12:20 1033

Бұл құқықты көп балалы отбасылар және басқа санаттағы азаматтар пайдалана алады. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр мәжілісмендердің саяжай кооперативтерін қолдауға қатысты сауалына жауап бергенде атап өтті, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Бүгінгі таңда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, бау-бақша және саяжай серіктестіктері үшін жер учаскелері  бекітілген қала құрылысы құжаттамасына сәйкес ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден, сондай-ақ ауылдық елді мекендердің жерінен берілуі тиіс.

Қазіргі таңда қала маңындағы аймақ болып алты қала бекітілді: Астана, Алматы, Ақтау, Тараз, Орал және Петропавл. Қазақстан азаматтарына бау-бақша өсіру, сондай-ақ саяжай құрылысы үшін 0,12 гектар ауыл шаруашылығы жерлері, ауылдық елді мекендер мен қорықтар жеке меншікке тегін беріледі. Көрсетілген мақсаттар үшін жер учаскелерін қайталап тегін беруге жол берілмейді. Бұл құқықты көп балалы отбасылар да, азаматтардың басқа санаттары да пайдалана алады, - деп түсіндірді Роман Скляр өз жауабында.

2023 жылдың маусым айында депутаттық сауалында мәжілісмен Құдайберген Бексұлтанов мемлекеттің қолдауымен саяжайлар елдің азық-түлік қауіпсіздігіне айтарлықтай үлес қоса алатынын атап өткен болатын. Осылайша, депутаттың айтуынша, азаматтардың өзін-өзі жұмыспен қамтуын ынталандыруға болар еді. Мәжілісмен вице-премьерге саяжай кооперативтерін қолдау жобасын әзірлеу, саяжайдағы барлық жер телімдерін толық түгендеу сияқты бірқатар шараларды қабылдауды ұсынды. Сондай-ақ, ол жер телімдерінің нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылуын тексеруді, саяжайларға қатысты құқықтық нормалар арасындағы қайшылықтарды жою мақсатында қолданыстағы заңдарға өзгерістер енгізуді ұсынды.

Асқар Таудай
Бөлісу: