Ақтау маңындағы көлден 227 аққудың өлексесі табылды

2 Қаңтар, 21:45 966

Ақтау маңындағы Қаракөл көлінен барлығы 227 аққудың өлексесі табылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.

21 желтоқсаннан бері қорық инспекторлары 132 аққудың өлексесін тапты. 2 қаңтардағы жағдай бойынша өлген аққулар саны 227-ге жетті. Оның ішінде 132 аққудың өлексесі жойылды, тағы 95 аққу 3 қаңтарда ветеринариялық заңнамада белгіленген тәртіп бойынша жойылады, - деді Маңғыстау облыстық экология департаменті таратқан ақпаратта.

Зерттеу нәтижелері бойынша өлген аққулардан құс тұмауының вирусы табылды. Аталған факті бойынша қорық және облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мамандары Маңғыстау облысының Экология департаментінің ЭЫДҰ, АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Ветеринария жөніндегі Ұлттық орталығының қызметкерлерімен бірлесіп тиісті зертханалық зерттеулер жүргізу үшін сынамалар алды.

Айта кетейік, 21 желтоқсанда Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының қызметкерлері Қаракөл көлінде рейдтік іс-шараларын өткізу кезінде 30 сыбырлақ аққудың өлексесін тапқан болатын.

Баян Әжмұхан
Бөлісу: