Ақсуда ер адам мас күйінде полицейді үтікпен ұрып, білегінен тістеп алған

18 Қыркүйек 2023, 11:42 869

Ақсуда мас тұрғын полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбай, басынан үтікпен ұрып, білегін тістеп алған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Полиция мәліметінше, Ақсу қаласында сағат 21:00-де қала тұрғыны полицияға хабарласып, Қамзин көшесіндегі пәтердегі отбасылық жанжал туралы хабарлап, көмек сұрағаны белгілі болды. Аталған мекенжайға учаскелік полиция инспекторы жіберілді. Полиция қызметкері келген соң, қала тұрғыны мас күйінде жанжал шығарып, өзін агрессивті ұстаған ұлына шағымданған.

Ер адам полиция қызметкерінің заңды талаптарын елемей, агрессивті әрекет етіп, полиция қызметкеріне қарсылық көрсетті. Ол үтікпен учаскелік полиция қызметкерінің басынан соғып, білегінен тістеп алды. Көмек көрсету үшін көрсетілген мекенжайға автопатруль жіберілді. Медициналық куәландыру нәтижелері бойынша ер адам алкогольдік мас күйінде болды, осы жағдайды анықтау үшін құқық бұзушы полиция бөліміне жеткізілді, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД.

Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 380-бабы 3-бөлігі (Билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына, Қазақстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес оның кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен танылғанға дейін адам қылмыс жасағаны үшін кінәлі емес деп есептеледі.

Равиль Ашығали
Бөлісу: