Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында IT-жобаларды іске асыру кезіндегі бюджет шығындарының негізсіз ұлғайып бара жатқанына назар аударды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Президент мемлекеттік цифрлық жүйелерде соңғы уақытта жиі тіркеліп жатқан ақаулардың себебін технологиялық артта қалушылық пен басқару сапасының төмендігімен байланыстырды.
Мемлекет басшысы Үкіметке, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне, сондай-ақ Ұлттық банкке биылғы жылдың соңына дейін мемлекет деректерін басқарудың біртұтас жүйесін қалыптастыруды тапсырды.
Соңғы кезде мемлекеттік цифрлық жүйелердің жұмысында түрлі іркілістер байқалып отыр. Бұл, ең алдымен, қолданылып отырған IT-шешімдердің технологиялық тұрғыдан ескіруі мен басқару сапасының төмендігіне байланысты, – деді президент.
Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық трансформацияның негізі платформалық тәсіл болуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл жұмыс QazTech базасында жүзеге асырылуы қажет.
Президент сөзінше, алдағы кезеңде Үкімет үшін ең маңызды міндеттердің бірі – бірыңғай цифрлық платформаға көшу.
Бұған дейін әр ведомство цифрландырумен өз бетінше айналысты, бірізді бақылау болмады. Соның салдарынан техникалық мәселелермен қатар, мемлекеттік қаражаттың бей-берекет жұмсалуына жол берілді, – деді мемлекет басшысы.
Президент сондай-ақ Бас прокуратурада өткен кеңесте Үкімет өкілі бытыраңқы цифрлық жүйелерді біріктіруге қажет қаржы көлемін жария еткенін еске салды. Алайда мемлекет басшысы мұндай шығындардың орынсыз екенін ашық айтты.
Бірден айтайын, ондай ақша жоқ және болуы мүмкін де емес. Бір құрылысшы-шенеуніктің айтқан сөзі бар еді: «Ақшамен нысанды кез келген адам салады, ал ақшасыз салып шығу – нағыз шеберлік. Міне, сол шеберлікті көрсетіңіздер. Үкімет маған бюджеттен орасан қаржы сұрамай-ақ, нақты жұмыс жоспарын ұсынуы тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Үкіметтен цифрландыру саласында тиімділікке негізделген, қаржыны ұтымды пайдалануға бағытталған нақты әрі іске жарамды шешімдер күтетінін атап өтті.
Тоқаев бұған дейін Үкімет мүшелеріне терең талдау жүргізуді тапсырған. Ал Үкімет өз кезегінде халық табысын арттыруға уәде берді.