АҚШ-та жүк көлігін жүргізетін қазақ қызымен сұхбат

22 Қараша 2022, 10:11 6473

Қазақ-Американ қауымдастығының президенті Жұлдыз Мырзадиярқызымен сұхбат

Америкадағы қазақтардың ерекшелігі неде? Олар қандай кәсіппен шұғылданады. Қалай тіршілік етіп жатыр деген «El.kz» порталының сауалдарына жауап алу мақсатында АҚШ-тағы түрлі салада білім алып, еңбек етіп жатқан қазақ жастарымен онлайн сұхбаттар циклін ары қарай жалғастырамыз.

Бүгінгі кейіпкеріміз АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Қазақ-Американ қауымдастығының президенті Жұлдыз Мырзадиярқызы Исмаилова.

Анықтама:

Аты-жөні: Жұлдыз Мырзадиярқызы Исмаилова

Туған жері: Қазақстан, Түркістан облысы Шардара ауданы Сүткент ауылы

Мамандағы: экономист-бухгалтер

Кәсібі: АҚШ-та ауыр жүк көлігін жүргізуші

Жетістігі: Қазақ-Американ қауымдастығының Президенті

Тілді меңгеру деңгейі: қазақ, ағылшын, орыс тілдері

Отбасылық жағдайы: тұрмыста, 2 қыз, 1 ұлдың анасы

Әуестігі: мерекелер ұйымдастыру, кітап оқу, саяхаттау.

– Жұлдыз Мырзадиярқызы, онлайн-сұхбат беруге келісім бергеніңіз үшін рахмет. Алғашқы сауал, Жұлдыз, Сіз күрделі образды қазақ қыздарының бірі сияқтысыз. Әлде мен қателесемін бе?

– Мен сондай бір күрделі тұлғамын деп айта алмаймын, ата-ананың тәрбиесін көріп өскен қарапайым ғана қазақтың қызымын (күледі).

– Америкаға қалай тап болдыңыз. Жалпы қанша шет мемлекетте болдыңыз?

– Мен Қазақстанда Америкалық ТеңізШеврОйл (ТШО) компаниясында жұмыс істедім. Содан АҚШ-қа деген қызығушылық пайда болды. Алғаш рет 2019 жылы келіп 4-5 ай жүріп елге қайтқанмын, кейін 2020 жылдың қаңтарында келіп осында қалуды шештім. Жалпы Ресей, Түркия, Солтүстік Корея, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты шет елдерде болдым.

– Америкаға келген кез келген адам ағылшын тілін білуі тиіс. Өмір сүрудің өзі соған итермелейді. Шет тілін үйрену Сіз үшін қиын емес пе?

– Дұрыс айтасыз, қай елде жүрсек сол елдің тілін, салт-дәстүрін құрметтеуіміз керек. АҚШ-та жүрген кісі ағылшын тілін білуі міндетті және білгені абзал. Ал мен ағылшын тілін керемет жетік үйреніп алдым деп айта алмаймын. Бірақ керек затымды сұрай алатындай деңгейде үйреніп алдым. Ағылшын тілін әлі күнге дейін жетілдіру үстіндемін. Менің жүрген ортам көбіне қазақ және орыс тілді адамдар. Соның да кері әсері бар шығар, әйтеуір тіл үйрену маған сәл қиынырақ беріліп жатыр.

– Әлеуметтік желі арқылы ауыр жүк көлігін жүргізіп жүргеніңізді байқап қалдық. Бұл кәсібіңіз бе, әлде жай әуестігіңіз бе. Жалпы Жұлдыздың қолынан тағы не келеді?

– Мен ер азаматтардың жұмысына бала кезден қызығатынмын. Мектепте жүрген кезде «әскерге барып, ары қарай полиция қызметкері боламын, форма киіп жүремін деп» армандаушы едім, бірақ үйдегілер менің ол ойыма қарсы болды. Қыз балаға ерсі көрінеді деді. Бірақ әр адам жеке тұлға болып қалыптасқан соң, оның арман-мұратына ешкім қарсы тұрмауы керек деп ойлаймын. Мысалы мен кейін бәрібір үлкен-үлкен Күзет агенттіктеріне жұмысқа тұрып бейнебақылаушы болып қызмет еттім. Өзім армандаған жұмыс формасын да киіп көрдім.

– Солай ма? Қандай маңызды нысандарды күзетіп көрдіңіз?

– Мен Астанадағы ЕХРО орталығында, ТеңізШеврОйл ғимараттарында қызмет еттім. Мен тәуекел етуден қорықпаймын. Осы Америка Құрама Штаттарына кетер алдында үлкен кранды айдап үйренуге жазылып қойып едім. Уақыт болмай қалды. Кейін АҚШ-қа келген соң ауыр жүк көлігін жүргізуші (трак жүргізушісі) мамандығын оқып куәлігін алдым да қазір осы жұмысты істеп жүрмін. Алда басқа да кәсіптерді меңгеріп алу жоспарымда бар, барлығы уақыт еншісінде ғой. Алла бұйырса көре жатармыз!

– Ауыр жүк көлігін жүргізуге екінің-бірі тәуекел ете бермейді. Мұндай үлкен көлікті жүргізуге құжатты қалай алуға болады. Біздегіден айырмашылық бар ма?

– Иә, әлеуметтік желілерде де соңғы кезде ауыр жүк көлігін жүргізуге рұқсатты қалай алдыңыз деген сауалдар көбейді. Ауыр жүк көлігін жүргізу куәлігі, CDL деп аталады. Оны алу үшін мен 1 айдай уақыт оқыдым.

АҚШ-та заң бұзбай жүру үшін жұмыс істеуге рұқсат қағазы, әлеуметтік қауіпсіздік нөмірі (SSN) және көлік жүргізуге денсаулығыңыз жарамды деген анықтама болуы қажет. CDL алмас бұрын сізде міндетті түрде АҚШ-тың DL, яғни жеңіл көлік жүргізу куәлігі болуы шарт. CDL-ге оқу үшін ең бірінші рұқсат алу қажет (learning permit). Learning permitте 400 дей сұрақ болады. Соның 95 сұрағына жауап берсеңіз сізге CDL мектепке оқуға рұқсат береді. Мен мысалы Penncdl Penncdl мектебінде оқыдым.

Сонымен, нақтылай кететін болсам, 1) Pri Trip Inspection: трактың іші-сыртын, мотор бөлшектерін ағылшын тілінде жаттап, қайсысы қалай жұмыс істейтінін айтып беру қажет. Тіпті кішкентай болттар мен шлангілер қандай жұмыс атқаратынын, қалай бекітілгенін, тесік немесе зақым жоқ екенін тексеріп Емтихан алушыға ағылшын тілінде баяндап беру қажет;

2) Емтихан алушыға мектептің тұрағында Тракты жүргізе алатыныңды, ұзындығы 16 метрлік (53 ft) трейлерді тұраққа қойып (оның өзі 3 түрлі) көрсету: артқа жүру, қатарласа, яғни параллель қою және бір сызықтан екінші сызыққа артпен жүріп кіру арқылы қоя алатыныңды дәлелдеу;

3) егер тұрақ (парковка) талабының бәрін дұрыс жасасаң, енді қала көшелерінде жүргізе алатыныңды және тар көшелерде жеңіл көліктерге және т.б. заттарға тимей еркін бұрылатыныңды және үлкен трассада жоғары жылдамдықпен жүре алатыныңды, сонымен қатар бір жолақтан екінші жолаққа еркін ауыса алатыныңды Емтихан алушыға көрсету;

4) Емтихан алушының қойған сұрақтарына шатаспай, тақылдап жауап беру, жол белгілерін толық айтып шығу қажет. Егер осының бәрін қажетті деңгейде мүдірмей айтып, істеп көрсетсеңіз CDL-іңізді бір-екі аптадан соң үйіңізге поштамен жібереді.

– АҚШ-тағы қазақ диаспорасының ұйымшылдығы қандай деңгейде. Өзіңіз Пенсильвания штатындағы қазақтардың басын қосқан ұйым құрыпсыз. Ол қандай ұйым және немен айналысады?

– Америка Құрама Штаттарындағы қазақ диаспорасы өте ұйымшыл деп айтуға болады. Шетте жүргендіктен болуы керек, қандай да бір мерекелік іс-шара бола қалса, бірден жинала қаламыз.

Мен 2021 жылы 4 қараша күні Филадельфия қаласында «Kazakh-American Community in PA», яғни «Пенсильвания штатындағы Қазақ-Американ қауымдастығы» деген ұйымды заңды түрде тіркеп, сол жылы Филадельфия қаласы әкімшілігінің алдында Тәуелсіздік күнінде мемлекеттік тумызды көкке көтердік. Оған қазақтың эстрадалық музыка өнерінің майталмандары Марат Омаров, Қайра Нұртас сынды танымал әншілер де келіп қатысып, көпшліктің мерейін асырды. Әкімшілік те біздің ұйымды, қазақтарды мойындап бізге «16 желтоқсан - Қазақстан күні» деген атаумен жыл сайын шара өткізуімізге рұқсат беретін хат жіберді.

Бүгінде түрлі шарларды ұйымдастырып өткізіп жатырмыз. Атап айтар болсам, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, Ата заң күні сынды елдік деңгейдегі атаулы күндер біздің қауымдастықтың назарынан тыс қалмайды.

Биылдан бастап қазақ балаларын оқытатын мектеп аштық. Біз қазақ мектебін аштық дегенге кәдімгідей үлкен мектеп деп ойлап жүргендер бар екен. Бұл өзіміз тұратын Филадельфия қаласындағы қазақ балаларына қазақ тілін, ұлттық салт-дәстүрлерімізді үйрететін мектеп.

Жасыратыны жоқ Америкадағы қазақтардың осында туған балаларының көбісі қазақ тілін білмейді. Қазақ тілінде сөйлесетін орта болмағандықтан, олар көп ұлттық нәрседен хабарсыз десек те болады. Сондықтан да кішкентай балалардың тарихи Отаны - Қазақстан - қандай ел екенін, қай жақтан келгендерін ұғындыру үшін осы мектебімізді ашып отырмыз.

Қазақ тілінен бөлек, мұнда домбыра, қобыз сияқты ұлттық аспаптарымызды да үйретіп бастадық. Келуші шәкірттерімізге екі елдің әнұрандары мен қатар қазақтың мақал-мәтелдерін де жаттатып жатырмыз.

Мұндағы мақсат, олар ата тегінен ажырап қалмай, шыққан тегін біліп жүрсе екен деген ізгі ниет. Біз мектеп ашқан соң, намысшыл қазақ жігіттері жанымыздан табылып еркін күрес, бокс сияқты әр түрлі үйірмелер де қоса ашылып жатқаны қуантады.

– Нью-Йорктегі Наурыз-2022 мерекесі Америкадағы біраз қазақтың басын қосыпты. Ұйымдастыру қиын болмады ма?

– Американың Нью-Джерси штаты аумағында (НьюЙорк қаласының жанында) «Наурыз 2022» атты ұлттық мерекемізді 20-30 адам болып бірігіп ұйымдастырдық. Әрине бұл ауқымды шараны ұйымдастырып өткізудің өзіндік қиындықтары да, аздаған әттеген-айы мен кемшіліктері де болды. Себебі шақырылған, келетін адам саны біз ойлағаннан асып кетті де, тамақ жағы сәл аздау болып қалды. Көп адамдар бір күн қалғанда ғана қосылды, тіпті кейбірі сол күні сол жерге келіп қосылды. Ал, біз 400-500 адамға ғана арнап дастархан әзірлеген едік, адам саны балаларды қосқанда 800 ден асып кетті деуге болады.

Бірақ жалпы мерекелік іс-шара жақсы өтті деп айта аламын. Олай деуіме себеп, бұл Наурыз мерекесі АҚШ-тың бірнеше штатында тұратын қазақтардың басын біріктірген, арнайы алты қанат киіз үй тігіліп, кең көлемді мереке түрінде дүркіреп өтті. Ән-күй, жыр-терме, ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Қазақтың ұлттық тағамдары: Наурыз көже, ет, қазы-қарта, жал-жая, буы бұрқыраған бауырсақ пен қуырдақ, құрт-май, ірімшік, палау, ыстық шай бәрі-бәрі келген жанның бойына қан жүгіртті.

Жиылған жұрт тіпті, өткен жылғы Наурыз мерекесінде табысқан екі жастың осы күні ресми түрде отау құрған сәтіне де куә болды. Беташар болып, ұлттық салт-дәстүріміз ұлықталды. Бұл шарада қазақтың дүлділ әншісі Мейрамбек Бесбаев бастаған әнші-жыршылар да ортадан табылды.

Наурыз мерекесінен соң, келесі күні кеште Нью-Йорктің төрінде Мейрамбек пен Ғазизханның (әнші, мульти-инструменталист Ғазизхан Шекербеков) АҚШ-тағы қазақ диаспорасына арналған тегін қайырымдылық концертін өткіздік. Мейрамбектің термелері мен хит әндерін сағынған тыңдарман ду қол соғып, кеш бойы қошемет көрсетіп отырды. Ал, Ғазизханның тыңдармандары әншімен бірге трендтағы әндерін қосыла айтты.

Мұхиттың арғы жағындағы Отанымыз - туған жерімен қауышқандай әсер алған көпшілік әншілерге гүл шоқтарын ұсынып, қаумаласып суретке түсті. Осылайша екі сағатқа созылған концерт туған жерін аңсаған кәрі-жастың сағынышын бір басып, ұлтына деген сүйіспеншілігін асырды. Бір сөзбен айтқанда қазақи әуен мен халық әндерін сағынған мұхиттың бергі жағындағы қазақтар бір жасап қалды деп айтсақ артық болмас.

– Керемет, осындай шаралар өз жалғасын тапсын. Ендігі сауалым өзіміздің бұрымдыларымызға қатысты болмақ. Қазақ қыздары қандай болуы керек. Шет елде жүргенде қазақ қызы нені есте сақтауы тиіс?

– Қазақ қыздары ең бастысы иманды, ұлтжанды, ар-намысты, саналы болуы керек. Шет елде жүрген қыздарымыз ата-ана тәрбиесін, олардың отбасында айтқан ақыл-кеңестерін үнемі естерінде сақтап, салт-дәстүрімізді берік ұстануы тиіс деп ойлаймын.

– Америкадағы жап-жас қазақ қыздары арасында да оранып, хиджап киіп алғанын көріп жүрміз. Біздің қыздар өз салт-дәстүрінен ажырап бара жатқан сияқты. Осыған көзқарасыңыз қандай?

– Ең дұрысы ата-бабамыз салып кеткен ізгі жолмен жүру парыз. Шынымды айтсам хиджаб тақырыбы өте күрделі әңгіме. Ол туралы біздің дінді жақсы білетін мамандардан сұрғаныңыз дұрыс шығар. Бірақ өз ойым ашық-шашық жүргеннен гөрі, жинақы әрі әп-әдемі киініп жүргенде тұрған ештеме жоқ деп ойлаймын.

– Қазақстанмен байланыс қалай, туған-туыспен араласып тұрасыз ба. Елге қайтып келу ойыңызда жоқ па?

– Қазақстанмен, ағайын-туыспен байланысым өте жақсы, Алла қаласа болашақта міндетті түрде елге қайтамын.

– Жас қыздарға мотивация болсын, өзіңіздің өмірлік ұстанымыңыз қандай. Алдағы уақытқа қандай жоспар бар?

– АҚШ-тағы жас сіңлілеріме айтарым, оқу оқып білімге құштар болыңдар. Мұнда тұрмысқа шығу жағы сәл қиындау, бірақ сонда да қазақ жігіттеріне тұрмысқа шығып, қазақтың ұрпағын көбейтіңдер деп айтқым келеді. Өйткені қыз бала қазақ болғанымен басқа ұлтқа тұрмысқа шықса туған бала сол ұлттың ұрпағы болып саналады. Яғни қазақ болып саналмайды.

Ал менің өзіме келсек, өмірлік ұстанымым ешқашан өтірік сөйлемеу. Бас алатындай шындық болса да тек шындықты айту және салауатты өмір салтын ұстану. Адамгершілікті бірінші орынға қоямын.

Алдағы уақытқа жоспарларым өте көп, білім алу, балаларымды жетілдіру, АҚШ-тағы қазақ диаспорасына азғантай болса да пайдамды тигізу.

– Уақыт бөліп сұхбат бергеніңіз үшін көп рахмет. Армандарыңыздың артығымен орындалуына тілектеспіз!

– Сіздерге де көп рахмет, оқырмандарыңыз көп болсын!

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

Дәурен Мақсұтханұлы
Бөлісу: