18.02.2026
14:19
1044
АҚШ-та пилотсыз басқарылатын алғашқы қоғамдық көлік пайда болады

АҚШ-та пилотсыз басқарылатын алғашқы қоғамдық көлік пайда болады

АҚШ-тың Джорджия штатындағы Атланта агломерациясының оңтүстік бөлігінде қоғамдық көліктердің болашағына әсер ететін пилоттық жоба іске қосылмақ.

Қалада көпшілікке қолжетімді автоматтандырылған көлік желісі таныстырылды. Жаңа жүйе арнайы бөлінген жолақтармен жүретін автономды электр көліктеріне негізделмек.

Жобаны әзірлеушілер бұл бастама қаладағы көлік кептелісін айтарлықтай азайтып, жолаушыларды метроға тең өткізу қабілетін ұсынатынын, ал жолақысы автобус бағасымен шамалас болатынын мәлімдеді. Ең бастысы, бұл жүйені жүзеге асыру үшін ұзақ жылдарға созылатын құрылыс пен орасан зор қаржы қажет болмайды.

Осы технологияны ұсынған Калифорниядағы Glydways компаниясы пилоттық сақина құрылысына кірісіп те кетті. Алғашқы кезеңде ұзындығы 0,8 шақырым болатын учаске конгресс-орталық пен арена маңын қолданыстағы ATL SkyTrain желісімен байланыстырады. Бұл – Glydways әзірлеген Automated Transit Network жүйесінің әлемдік тұсаукесері болмақ. Ал көпшілікке арналған тегін тестілік қызметті 2026 жылдың желтоқсанында іске қосу жоспарланып отыр. Жүйе толықтай қолжетімді форматта жасалып, тәулік бойы сұраныс бойынша жұмыс істейді.

Автономды электр көліктері қалай жүреді?

Автономды көліктер тек арнайы жолақтармен қозғалады. Бұл дегеніміз – олар жол талғамайтын көліктермен бір жолды бөліспейді және қоқыс таситын машиналардың артында тұрып қалмайды деген сөз. Жүйенің барлық жұмысын жасанды интеллектке негізделген бағдарламалық қамтамасыз ету үйлестіреді.

Жолаушы мобильді қосымша арқылы көлік шақырады. Артынша оған жеке немесе топтық сапарға арналған жеке электромобиль келеді. Сапар аралық аялдамаларсыз, бірден А нүктесінен В нүктесіне дейін жүзеге асырылады.

Glydways мамандарының бағалауынша, бұл жүйе ені велосипед жолымен шамалас бір ғана көлік дәлізі арқылы сағатына 10 мыңға дейін жолаушыны тасымалдауға қабілетті.

Автономды көлік технологиялары АҚШ-пен ғана шектеліп отырған жоқ. Компания Дубай мен Абу-Дабидің көлік құрылымдарымен келісімдерге қол қойып үлгерген. Сонымен қатар Токио, Флорида, Калифорния және Нью-Йорк өкілдерімен келіссөздер жүргізілуде.

Айта кетейік, Атланта автономды көлік үшін климаттық тұрғыдан қолайлы аймақ саналады: мұнда күн ашық, қыс та жылы. Алайда көлік қозғалысының тығыздығы өте жоғары. INRIX статистикалық агенттігінің соңғы зерттеуіне сәйкес, Атланта АҚШ қалалары арасында кептелісте өткізілетін уақыт бойынша төртінші орынға шыққан. Ал алғашқы үштікке Лос-Анджелес, Нью-Йорк және Сан-Франциско кіреді.

Еуропа да кірісіп кетті

Бұған дейін Еуропада да осыған ұқсас жобалар қолға алына бастады. Шотландияның Stagecoach көлік компаниясы толықтай жүргізушісіз бес автобус іске қосылатынын хабарлады. Олар мамыр айынан бастап ұзындығы 22 шақырым болатын Эдинбург пен Файф округіндегі автобус станциясы арасындағы бағытта қатынайды.

Бұл автобустар Шотландияның Көлік министрлігінің қолдауымен іске асқан CAVForth жобасы аясында әзірленді. Жобаны жүзеге асыруға британиялық Fusion Processing технологиялық компаниясының, Бристоль робототехника зертханасының және Эдинбург Нейпер университетінің мамандары атсалысты. Автобустардың жылдамдығы сағатына 80 шақырымға дейін жетіп, аптасына шамамен 10 мың жолаушы тасымалдайды деп жоспарлануда.

Бұл – ұзақ коммерциялық бағытта жүретін толық өлшемді жүргізушісіз автобустың алғашқы тәжірибесі. Дегенмен қауіпсіздік мақсатында жүргізуші салонда қалады: ол жүйенің жұмысын бақылап, қажет болған жағдайда, басқаруды өз қолына ала алады. Себебі Ұлыбритания заңнамасына сәйкес, автономды көліктерге әлі де толық еркіндік берілмеген.

Бұған дейін жүргізушісіз автобустар қолданылғанымен, олар негізінен жабық аумақтарда – көрме кешендері мен арнайы аймақтарда жүретін шағын шаттлдар болатын. Ал бұл жоба автономды көліктің күнделікті қоғамдық тасымалда кеңінен қолданылуына жасалған маңызды қадам саналады.