Американдық бойжеткен қолданылған пластикалық стақаннан киім тігумен айналысып жүр. Бұл туралы Goodnews Network-қа сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Әдетте студенттік кештерден кейін қоқысқа кететін бір реттік стақандарға жаңа өмір сыйлаған – Джонс Хопкинс университетінің инженерия факультетінің түлегі Лорен Чой. Ол New Normal Collective атты бренд ашып, пластикті жұмсақ жіпке айналдырып, одан жылы свитер мен бас киім шығаруды жолға қойған.
Лореннің тұрақты сәнге деген қызығушылығы студенттік кезде басталған. 2020 жылы оқуын бітірген соң ол грант ұтып алып, пластик қалдықтарын жіпке айналдыратын арнайы экструдер құрылғысын сатып алады. Ең үлкен қиындық қатты пластикті киюге қолайлы, жұмсақ жіпке айналдыру еді. Сол үшін ол пластиктің құрылымын өзгертетін қауіпсіз әдіс ойлап тауып, қолайлы тоқыма материалын жасады.
Бүкіл қайта өңдеу процесі АҚШ-та жүзеге асады: стақандар алдымен ұнтақталып, Солтүстік Каролина мен Вирджинияда жіпке айналады. Кейін ол Бруклиндегі фабрикаға жеткізіліп, 3D-тоқыма машиналарында тігіссіз дайын өнім тоқылады. Мұндай тәсіл қалдық мөлшерін азайтып қана қоймай, жуу кезінде бөлінетін микропластикті де минимумға түсіреді. Ал бояғыш мүлде қолданылмайды – өнімнің жұмсақ реңктері стақандардың өз түсінен алынады.
Брендтің киімдеріне сұраныс өте жоғары: кей үлгілері сатылымға шыққан соң бірнеше сағатта-ақ таусылып қалады. Қазір Лорен жобасын кеңейтіп, ірі компаниялармен әріптестік орнатуда. Олар Чойдың жібін беріктікке сынақтан өткізіп жатыр. Мұндай экологиялық киімдердің бағасы 45-тен 85 долларға дейін жетеді.