NBC News федералдық реестрге сілтеме жасап хабарлағандай, АҚШ президенті әкімшілігі елге кіргісі келетін барлық шетелдіктерден соңғы бес жылдағы әлеуметтік желідегі аккаунттарын көрсетуін талап етуді көздеп отыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Кеден және шекара қызметінің хабарлауынша, бұл талап тек виза алатындарға ғана емес, виза талап етілмейтін елдердің азаматтарына да (мысалы, Ұлыбритания немесе Германия тұрғындарына) міндетті болады. Әлеуметтік желілерден бөлек, соңғы бес жылда қолданылған электрондық пошта мекенжайлары, телефон нөмірлері, сондай-ақ туыстарының аты-жөндері мен мекенжайлары да тексерілмек.
2025 жылдың маусымында АҚШ Мемлекеттік департаменті белгілі бір санаттағы визаны рәсімдегісі келетін шетелдіктерге өз әлеуметтік желі профильдерін ашық күйге ауыстыруды талап ететінін жариялаған еді. Пайдаланушылар құқығын қорғайтын Electronic Frontier Foundation бұл бастаманы бұрын-соңды болмаған қадам деп бағалап, оны “шетелдік студенттердің онлайн-әрекетін бақылау және шектеу” деп сынға алған.
Бұған дейін АҚШ билігі “шетелдік террористерден төнген қауіп” және тиісті қауіпсіздік шараларының жеткіліксіздігіне байланысты 12 елдің азаматтарына елге кіруге тыйым салған. Бұл шектеу Ауғанстан, Мьянма, Чад, Конго, Экваториалдық Гвинея, Эритрея, Гаити, Иран, Ливия, Сомали, Судан және Йемен тұрғындарына толық көлемде қолданылған. Сонымен қатар Бурунди, Куба, Лаос, Сьерра-Леоне, Того, Түрікменстан және Венесуэла азаматтарына да ішінара шектеулер енгізілген.
Трамп әкімшілігі заңды иммиграцияға қатысты талаптарды да қатайту жоспарын жариялаған. Бұл бастама бір ай бұрын Вашингтонда екі ұлттық гвардия қызметкеріне оқ атқан оқиға бойынша күдікті ретінде Ауғанстан азаматы аталғаннан кейін көтерілген.