АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы ауқымды операцияның басталғанын мәлімдеді.
Трамп Ислам революциясы сақшылары корпусын, Иранның қарулы күштерін және полиция қызметкерлерін қаруларын тастауға шақырып, оларға толық қол сұғылмаушылық уәде етті.
Олай етпеген жағдайда сіздерді өлім күтіп тұр. Біз Иранға қарсы ауқымды операцияны бастадық. Біздің мақсатымыз - Иран режимі тарапынан төнген қауіп-қатерді жою арқылы америкалық халықты қорғау. Бұл — АҚШ-қа, шетелдік базалардағы әскерилерімізге және әлемдегі одақтастарымызға тікелей қауіп төндіретін аса қауіпті адамдардан құралған аяусыз топ, - деді АҚШ басшысы.
АҚШ президенті ел саясаты Иранның ядролық қаруға ие болуына жол бермеуге бағытталғанын баса айтты.
Иран ешқашан ядролық қаруға ие бола алмайды. Дәл осы себепті өткен жылдың маусымында “Түн ортасындағы балға” операциясы аясында біз режимнің Фордо, Натанз және Исфахандағы ядролық бағдарламаларын жойдық, - деді президент.
Оның айтуынша, операциядан кейін АҚШ Иранды ядролық бағдарлама мәселесі бойынша бірнеше рет ескертіп, келісімге келуге тырысқан.
47 жыл бойы иран режимі АҚШ-қа, біздің сарбаздарымызға және көптеген елдердегі бейбіт тұрғындарға қарсы қантөгіс пен жаппай кісі өлтіру науқанын үздіксіз жүргізіп келеді, “Америкаға өлім” деген ұрандар айтты, - деп мәлімдеді Трамп.
АҚШ президентінің сөзінше, Иранмен байланысты күштер соңғы жылдары Таяу Шығыста орналасқан америкалық әскерилерге, әскери-теңіз және сауда кемелеріне, сондай-ақ халықаралық порттарға шабуылдарын жалғастырып келген.
Трамп болып жатқан жағдайды «жаппай терроризм актісі» деп атап, АҚШ бұған «енді төзбейтінін» айтты.
Оның пікірінше, Иран — «әлемдегі терроризмді демеуші №1 мемлекет». Сондай-ақ ол Иран билігі ел ішіндегі наразылық шерулеріне қатысқан ондаған мың азаматты өлтірді деп тағы да мәлімдеді.
Трамптың айтуынша, "шабуылдың нысанасына Иранның әскери-теңіз күштері алынады, ал зымыран өнеркәсібі жойылады. АҚШ Иранмен байланысты күштердің өңірді немесе бүкіл әлемді тұрақсыздандыруына жол бермейді".