13.03.2026
14:10
138

АҚШ грин карта лотереясының ережесін өзгертті

АҚШ Мемлекеттік департаменті Diversity Visa (DV) бағдарламасына тіркелу тәртібіне бірқатар маңызды өзгеріс енгізетінін мәлімдеді. Жаңартылған талаптар 10 сәуірден бастап күшіне енеді және ресми сайтта жарияланған жаңа регламентке сәйкес, өтінім беру процесі анағұрлым қатаң әрі нақтыланған форматқа көшеді.

Ең басты жаңалық – бастапқы анкета кезеңінің өзінде құжаттардың цифрлық көшірмелерін ұсыну міндетінің енгізілуі. Бұған дейін үміткерлер жеке деректерін ғана көрсетсе жеткілікті болса, енді тіркеу кезінде жарамды шетелдік паспорт деректерімен қатар оның биографиялық мәліметтер мен иесінің қолы көрсетілген беттерінің скан-нұсқасын электронды жүйеге жүктеуі тиіс. Бұл талап орындалмаған жағдайда өтінім қабылданбайды. Мұндай қадамның негізгі мақсаты – жалған өтінімдер санын азайту, қатысушыларды нақты сәйкестендіру және жүйедегі алаяқтық тәуекелдерін төмендету.

Сонымен бірге анкета құрылымындағы терминология да нақтыланды. Бұрын қолданылған кең мағыналы тұжырымдардың орнына нақты әрі құқықтық тұрғыдан айқын ұғымдар енгізілді: «гендер» графасы «жыныс» деп өзгертілсе, «жасы» көрсетілетін жолдың орнына енді үміткердің нақты туған күні енгізіледі. Сарапшылар мұны деректерді өңдеудің дәлдігін арттырып, әкімшілік рәсімдерді жеңілдетуге бағытталған қадам ретінде бағалап отыр.

Бұл өзгерістер бағдарламаның соңғы жылдардағы қаржылық және ұйымдастырушылық реформаларымен өзара үйлеседі. Атап айтқанда, 2025 жылдың қыркүйегінен бастап DV лотереясына қатысу үшін міндетті түрде 1 доллар көлемінде тіркеу жарнасы енгізілген болатын. Бұған дейін тегін болған жүйеде жалған анкета көбейіп, өткен жылдың желтоқсанында визалардың уақытша тоқтатылуына дейін барған жағдайлар тіркелген еді.

Жаңа талаптар 2027 жылға арналған Diversity Visa бағдарламасына қатысатын барлық үміткерлерге қатысты қолданылады. Осылайша АҚШ тарапы лотерея жүйесін цифрлық тұрғыдан жетілдіріп, ашық әрі сенімді механизм қалыптастыруға бағытталған саясатты жалғастырып отыр.

Грин карта – АҚШ-та тұрақты тұруға және заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік беретін құжат. Жыл сайын миллиондаған адам бақ сынайтын бұл лотерея көпшіліктің арманына айналғанымен, өтініш беру барысында қателіктерге жол беретіндер аз емес. Талапқа сай фото жүктеуден бастап, аты-жөнді дұрыс көрсетуге дейін әрбір деталь шешуші рөл ойнайды. Егер үміткер ұтып алғаннан кейін құжаттарындағы сәйкессіздік анықталса, жеңісінің күлі көкке ұшуы мүмкін.

Желтоқсан айында АҚШ-та лотерея негізінде берілетін көші-қон визаларының (Green Card) DV-1 бағдарламасы уақытша тоқтатылды. Бұл шешім Браун университетінде болған атыс оқиғасынан кейін қабылданды. АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэмнің айтуынша, күдікті аталған елге дәл осы Diversity Immigrant Visa бағдарламасы аясында келген.