Халықаралық ғалымдар тобы парниктік газдар шығарындылары мен нақты экономикалық шығындар арасындағы байланысты анықтайтын модель ұсынды. Nature журналында жарияланған жаңа зерттеу нәтижесіне сәйкес, соңғы ондаған жылда шығарындылар есебінен қомақты қаржылық зиян келтірілген.
Ғалымдар есебінше, ең үлкен шығын дамушы елдерге тиесілі. Мәселен, Үндістан шамамен 500 миллиард доллар, ал Бразилия 330 миллиард доллар көлемінде экономикалық шығынға ұшыраған. Климат өзгерісінің салдары Еуропадан бастап шағын арал мемлекеттерге дейін байқалып отыр.
Сонымен қатар шығарындылар көлемі жағынан көшбасшылардың бірі саналатын АҚШ-тың өзі де айтарлықтай зардап шеккен. Жалпы шығынның шамамен үштен бірі, яғни 3 триллион долларға жуығы осы елдің экономикасына тиесілі.
Салдар неге тең бөлінбейді?
Климаттың өзгеруі әр елге әртүрлі әсер етеді. Дегенмен ең көп зардап шегетіндер – әдетте шығарындылар көлемі аз мемлекеттер. Бұл – құрғақшылық, жойқын дауылдар мен теңіз деңгейінің көтерілуі сияқты құбылыстар.
Осыған байланысты соңғы жылдары «шығын мен залал» тұжырымдамасы жиі талқыланып жүр. Мамандар климат өзгерісінің алдын алу да, оны толық жою да мүмкін болмай қалады деп қорқады.
Алаңдауға тұрарлық жайт
Зерттеудің басты тұжырымы бойынша, негізгі экономикалық шығын әлі алда. Ғалымдар пікірінше, бүгінге дейінгі шығарындылардың болашақтағы зияны қазіргі көрсеткіштен ондаған есе көп болуы мүмкін.
Мысалы, 1990 жылы атмосфераға шығарылған бір тонна көмірқышқыл газы 2020 жылға қарай шамамен 180 доллар шығын әкелген. Алайда ғасыр соңына дейін бұл көрсеткіш 1800 доллардан да асып кетуі ықтимал.
Сарапшылар мұны климаттық әсердің жинақталуымен түсіндіреді: аптап ыстық, өнімнің азаюы және экстремалды ауа райы ұзақ мерзімді экономикалық салдарға әкеледі.
«Климат есебі» қалай төленеді?
Ғалымдар көмірқышқыл газының әсерін тұрмыстық қалдықпен салыстырады: уақытында жойылмаса, ол жиналып, мәселені күрделендіре береді. Сол сияқты СО₂ көлемі артқан сайын «есеп» те өседі.
Шығынды азайтудың бір жолы – атмосферадан көмірқышқыл газын жою технологиялары. Бірақ мұнда уақыт факторы шешуші рөл атқарады: егер СО₂ дер кезінде азайтылса, зиян мөлшерін де азайтуға болады. Тағы 20-25 жыл кешіксе, шығын тым артып кетуі ықтимал.
Жеке адамдардың да әсері бар
Зерттеу нәтижесі мемлекеттер мен ірі корпорациялар ғана емес, қарапайым адамдардың да үлесі барын көрсетеді. Мәселен, жиі ұшақпен қатынау немесе тұтынушылық қабілетінің өсуі болашақта ондаған мың долларлық шығынға әкелуі мүмкін.
Керісінше, көлікті аз пайдалану немесе тамақтану әдетін өзгерту арқылы жаһандық шығынды төмендетуге болады.
Ұсынылған модельге сәйкес, алдағы уақытта мұның бәрі климаттық келісімдер мен халықаралық сот істеріне негіз болуы мүмкін. Сөйте тұра шығынды кім өтейді, жауапкершілік қалай бөлінеді және болашақ тәуекелдер қалай есепке алынады деген секілді негізгі сұрақтарға жауап беретін ешкім жоқ.