Ақпарат айдынындағы арулармен сұхбат

8 Наурыз 2023, 13:37 4387

Бүгін – қыз-келіншектердің мерекесі. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі айтулы датаға орай ақпарат айдынындағы арулардан сұхбат алды. Оларға қойылған сұрақ бірдей. Бірақ жауап әртүрлі.

1.Әңгімені журналистиканы қалай таңдағаныңыздан бастайықшы. Қай жерде және кімдерден білім алдыңыз?

2.Филология ғылымының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішұлы бір сұхбатында тұрмыстағы заңдылықтарға байланысты «қыздардың  алған білім-ғылымы көбіне жаялықпен бірге жуылып кетеді» деген екен. Ал журналист әрі ғалым Тауман Амандосовтың не дегенін айтпасам да білетін боларсыз. Осы қазақ журналистикасында қыздардың қарым-қабілеті қаншалықты ескеріліп жүр.

3.Қазір қандай кітап оқып жүрсіз немесе не жазып жүрсіз?

4. Бүгін қыз-келіншектердің мерекесі. Жақындарыңыздан қандай сый күтесіз?

5.Біздің қоғамдағы ерлердің әйелдер қауымына деген құрметі мен ілтипатына көңіліңіз тола ма?

6.Жақында алғыс айту күнін атап өттік. Жұртшылық мерекенің ауқымын кеңейтіп, бір-біріне жүрекжарды тілек айта бастағанын байқадық. Біреудің жақсылығын көрсек, алғыс айтуға асығатын халықпыз ғой. Бүгінге дейін сізге шарапаты тиген, ерекше қолдау білдірген жандар болды ма? Кімге алғыс айтар едіңіз?

Динар Керім, Egemen Qazaqstan интернет-редакциясының жетекшісі

1. Өмірде ештеңе кездейсоқ болмайтынына көп рет көзім жеткен. Сол сияқты журналистикаға аяқасты келмедім. Мектеп табалдырығын аттаған кездерден бастап армандадым, айнымадым, түбінде соған жеттім. Бәлкім әжемнің суырып салма ақын болғаны, әкем мен анамның тіл маманы болғаны да «алма ағашынан алысқа түспейдінің» кері болған шығар. Студенттік өмірім Астанада басталды. Журналистика және саясаттану факультетіне оқуға түстім. Кейін Талдықорғандағы ЖМУ-де білімімді жалғастырдым. Университетте мына ұстаздың мектебінен өттім дейтіндей ешкімді атап айта алмаймын. Өйткені, барлық сабақтан қалмайтын, университетте күні өтетін үлгілі студент бола алмадым. Оған себеп ретінде журналистиканың университеттегі теориясы мен өмірдегі (кәсіптегі) практикасының қабыспай жататынын айтар едім. Біз 4 жыл оқып, диплом алып келеміз де, практикада мүлде басқа дүние көреміз. Сондықтан 1 курстың алғашқы күнінен бастап мамандық бойынша жұмыс істеуге тырыстым. Кейінірек Талдықорғанда 2 жылдай қазаққа белгілі журналист, марқұм Бейсен Құранбек ағамыздың тәрбиесінде болдым. Ең үлкен, әрі ең маңызды кәсіби мектебім де, өмірлік ұстазым да сол кісі болды. Одан кейін де отандық мықты медиа-менеджерлердің мектебінен өттім.

2. Сіз келтірген пікір мүмкін бұрынырақта өзекті болған да шығар, бірақ қазіргі уақытта әйел тұрмыс пен қызметті қатарластыра алмайды дегенмен келіспеймін. Оған әдемі әлемі мен кәсіби білігін ұштастырып жүрген талай әйелді мысал етуге болады. Асылында сол жаялығын да жуып, жұмысына да үлгеріп жүрген әйелдер журналистика саласында да аз емес. Әрине, журналистика - қыз бала үшін қиындау мамандық. Оған республика бойынша шалғай ауылдарды аралап репортаж жасағанда, кейінгі жылдары еліміздегі жарылыс болған, су басқан аймақтардан ақпарат таратқанда талай рет көзіміз жетті. Әлемде қазақ қызының ғана құлағына «қыз баланың орны - от басы, ошақ қасында» деп сыбырлап өсіретін шығар осы… Содан да болар деймін, көзі ашық, сауатты қоғамда қыздардың «орны» қайда екенін меңзеп қалатындар әлі де табылып жатады. Бірақ оған қарап, тіршіліктен, тілшіліктен мақрұм қалып жатқан журналист көрмедім. Біздің арулар бұл тақырыпты талқылауға да қалдырмай әлдеқашан өздерін дәлелдеп тастады деп есептеймін. Сонысына қарай қарым-қабілеті лайықты бағаланып та жүр.

3. Соңғы рет Ж.Құлекеевтің «Қаңтар оқиғасы: Ақорда үшін күрес» кітабын оқып шықтым. Жалпы шығармашылық адамы ылғи ізденісте жүрмесе тоқырай бастайды. Соңғы айларда демалыс алуыма байланысты жазыла бастағанына біраз болған шағын әңгімелерімді толықтырып, прозаға ден қойып жүрмін. Кейде өмірдің өзінен алынған әңгімелер айтылмай, жазылмай ұмытылып кете барады. Сондай дүниелерді түртіп жүретінім бар.

4. Негізі қандай жағдайда да ештеңе күтпеген, үміттенбеген адам ұтады ғой. Әйелдің көңілін кім түсініпті? Кейде адамға жай жылы сөз де жеткілікті. Кейде бүкіл әлемнің сыйын да аз көруіміз мүмкін…

5. Жаңа айтып өткенімдей, өзім жүрген орталарда кейде гендерлік дискриминация байқалады. Оны құрметсіздік дей алмаймыз, сірә. Ал жалпылама, біздің қоғамда орта топ, орта тап деген атымен жоқ. Ерлерден құрмет былай тұрсын, күнде қорлық көріп жүрген топ та бар, өзіне лайық ілтипат алып жүрген әйелдер де жетерлік.

6. Осы, Алғыс айту күніне байланысты айтарым бар еді… Қоғамда да саналуан пікір бар. Адам өзінің аман-есенінде әр атқан таңына шүкіршілік етіп, айналасына алғыспен қарау керек емес пе? Ал онсыз да «Отаным осы» деп жүрген өзге ұлт өкілдеріне жыл сайын «сендер бізге алғыс айтыңдар» деген месседж беріп, ұлты басқа екенін еске салып тұру қаншалықты дұрыс? Біздің тұтас ел болуымызға кішігірім кедергідей көрінеді маған. Ал Алла Тағала маған көп жерде көмекті жақсы кісілерді кездестіру арқылы жіберді деп білем. Өзімді тануыма, қалыптасуыма әсер еткен адамдар өте көп болды. Ал кейінгі жылдары маңызды шешім қабылдап, «Egemen Qazaqstan» ұжымына келуіме себепкер болған, қанатымды кең жаюыма, бас қалада орнығып, өз мүмкіндіктерімді толық пайдалануыма жол ашқан сол кездегі басшым Дархан Қыдырәліге ілтипат-алғысым ерекше. Жалпы, үлкендердің жас буынды баулып, айналасына жастарды жинауы - өте үлгілі үрдіс. Ұстазымыздың бұл тұрғыда ұжымдағы талай жасқа шарапаты тиді деп ойлаймын.

Ақбөпе Тәңірберген, «Еуразия» Бірінші арнасының арнайы тілшісі

1.Тақылдаған, қап-қара бірақ сүйкімділеу қыз болыппын. Мектебімізде өтетін Мұқағали, Абай, Шәкәрім, Махамбет, Қасым оқулары секілді байқаулардан қалмаймын. Бұйыратыны - бірінші орын. Ауылда тұратын кезіміз. Аудандық, облыстық оқулардан үйге оралғанда «Апа, мен бас жүлде алдым!», «Апа, мен бірінші орын алдым, сенің қызың мықты ғой, көрдің бе?!» деймін. Апам болса: «Еее, келінді келгенде, кеспекті жайғанда көреміз» дейді де қояды. Сосын, мен мектепті бітіріп, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне бардым. Көздегенім – журналистика. Мен оқуға түскен жылы біздің мамандыққа мүлде грант бөлінбеді. Ондайды Астана мен Алматыдағы талапкерлер алады. Менің жинаған балым әжептеуір еді. Ертіп барған әкеме «Мен филология мамандығына тапсыра салайын, сонда ақысыз оқимын» деп едім, әкем көнбей, журналист қыламын деген оймен журналистикаға түсірді. Ондағы ұстазым – журналист, академик Зарқын Тайшыбай. Талай журналистің әкесіне айналған адам. Бірінші курсты бітіре салып, Қызылжардағы жергілікті телеарнада тілші болдым. Дикторлықты қызметті де қатар атқардым. Мені теледидардан көріп апам мәз болатын. «Міне, мен айтқан кеспектің суреті анық, әйбәт болып түсіпті» дейді. Кеспек деген киіз екен ғой, әйелдер киізді орап жан-жақтан сабалайды да, оның оюының қаншалықты әдемі, өрнегінің қаншалықты анық екенін соңында, әлгі кеспекті жайғанда ғана көреді-мыс. Міне, менің алғашқы еңбек жолыма, бірінші жетістігіме апам осылай баға беріп еді.

2. Бізде журналист қыздар өте көп. Саны жағынан ерлерден артық. Бірақ, танымал, аты шыққандардың дені жігіттер. Бір бағдарламаға жүргізуші, жаңалыққа диктор керек болса басшылық бірден ер жігітті іздейді. Блімге, жаңалықтар қызметіне жетекші, шеф-редактор ретінде де ер азаматтарды тағайындауға құштар. «Лидерлер» жігіттер болу керек» деген жазылмаған заң бар секілді. Менің маман ретінде телеарна табалдырығын аттағаныма 8 жылдан асты. Алғашқы жылдары тіпті редакцияға журналист іздегенде «желательно парень» деп жазып қоятын. Соңғы бірнеше жылда мұндайды естімедім де, кезіктірмедім де. Себебі, жағаласып жүріп қыздар өзімізді дәлелдеп келеміз. Өзім Астанаға көшіп келгелі бір арнада 5 жыл жұмыс істедім. Бірнеше бағдарламаға материал әзірлейтінмін. ...Жаңадан келген, жас мамандарға өзінің орнын көрсетіп қояды, содан аспай, тасымай бір қалыпта жүру керек сияқтысың. Мені нәзік, мәтін жаза алатын тілші деп қабылдады, болды. «Таңғы бағдарламада рубрика жүргізейінші, кастинг екен ғой» деп өзім сұранғанымда, мүйізі қарағайдай продюсердің бірі «Сен бе?!» деп күлген. Сосын бір жұлдыз, біздің салаға қатысы жоқ әртісті әкелді. Кейін мен «Әкім» бағдарламасын жүргізіп өзімнің мүмкіндіктерімді, осал емес екенімді байқаттым. Сосын, тіпті арнаның басты ток-шоуын да жүргіздім, саяси-сараптамалық бағдарламада да автор болдым. Мен еңбектеніп, аға буынның жолын кеспей, өзіме берілген мүмкіндікті мүлт жібермей пайдалана алдым, өзімді көрсеттім, таныттым. Ал оқуын бітіре салып зор ынтамен, қызығушылықпен келген қанша жас, әсіресе қыздар жігері құм болып, мүлде басқа салаға кетіп тынды. Бірақ, қазір жастарға, пысық қыздарға оң көзқарас қалыптасқан.

3. Мен қазір орыс әдебиетін оқып жүрмін. Оқырманы кітаптың келесі парағанда оқиғаның қалай қарай өрбитінін мүлде болжай алмайтын, қияли Достаевскийді парақтап жүрмін. Ал заманауи қазақстандық авторлардың туындыларын жіберіп алмауға тырысамын. Мен телеарнаға сюжет жасаймын, өзім үшін күнделік жазамын. Мен соңынан кітап жазып қалдыруды армандайтын журналист емеспін. Әкем ақын. Соның кітабын шығаруды жоспарлап жүрмін. Ал өзім қоғамға пайдалы деректі фильмдер түсіргім келеді.

4. Мен ешкімнен сыйлық күтпеймін. Үйдің үлкенімін. Сіңіліме, келініме, анама гүл мен тәттілер жіберемін. Жасырмаймын, гүл алғанды жақсы көремін.

5. Солтүстік аймақтың жігіттері әйел адамның киімін алып, есік ашып, жол беріп, көліктен қолын созып түсіріп жатады. Ұнайды. Ал, оңтүстік өңірдің жігіттерінен ондай ілтипат мүлде аңғарған емеспін. Әркім өзі біледі, ондай сый-құметке лайық болу керек те шығар. Көп жағдайда көңіл бөлмеймін. Ерлер мен әйелдердің айырмашылығы кем қоғамда өмір сүріп жатырмыз ғой.

6.Ешкімнің көмегінсіз оқыдым, дамыдым, өстім деп айтатын адам емеспін. Маған көзімді ашқаннан бастап көрген әр адамның шарапаты тиген. Ұстаздарым, сыныптастарым, әке-шешем, бауырым, достарым, әр әріптесім. Мен әр атқан таңнан сабақ аламын, күнде бір нәрсе үйренемін, ойға түйемін. Маған жақсылық тілегені де, жақтырмайтындар да, сөгетіндер де, жақсы көретіндер де – пайдасын тигізіп, өмірлік сабақ беріп жатыр. Рахмет! Әр күніме шүкір деймін. Менің өмірілік ұстазым, темірқазығым – апам Зарухан. 80 жасқа келіп қайтыс болды. Мен оқуға қалаға кетіп бара жатқанда бар айтқан ақылы «Қара кемпірдің берген тәрбиесі дегізбе» болды. Апа, сенің осы бір ғана өтінішіңді орындап жүрмін! Саған мың алғыс!

 

Жанболат Кенжеғұл
Бөлісу: