Қасым-Жомарт Тоқаев пен Абу-Даби тақ мұрагері Халед бен Мұхаммедтің кездесуі барысында 5 млрд долларлық келісімдерге қол қойылмақ, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бүгін Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Абу-Даби тақ мұрагері шейх Халед бен Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның кеңейтілген құрамдағы ресми кездесуі өтті. Мемлекет басшысы мәртебелі мейманның сапары Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы стратегиялық серіктестікті дамыту жолындағы маңызды оқиға екенін атап өтті.
Сіздің бұл сапарыңыз аса маңызды оқиға деп санаймын. Біз жалпы құны шамамен 5 миллиард долларды құрайтын 20-дан астам бизнес келісімге қол қоюды жоспарлап отырмыз. Бұл – экономикамызды дамытуға бағытталған түрлі жобалар. Олардың толық жүзеге асуы елдеріміз арасындағы ынтымақтастыққа қуатты серпін береді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, БАӘ – Қазақстанға ең көп инвестиция құятын он елдің қатарына кіреді. Былтыр Әмірліктерден тартылған инвестиция көлемі 100 пайыздан аса өсіп, 1 миллиард доллардан асқан.
Біз Қазақстанда БАӘ-нің даму жолын және Президент Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянның көшбасшылығын жоғары бағалаймыз. Әмірліктермен экономиканың түрлі салаларындағы әріптестікті одан әрі нығайту үшін бар күшімізді салуға дайынбыз, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылап, екіжақты байланыстарды тереңдету ниетін растады.
Қос елдің басшыларының келіссөздері Қазақстан мен БАӘ арасындағы ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа кезеңінің бастамасы болмақ.