Ақмолалық полиция облыс тұрғынын бір келіден астам есірткімен қолға түсірді. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Ақмола полицейлері үй-жайда 1 келіден астам есірткі сақтаған ер адамды ұстады. Сараптама бұл марихуана екендігін көрсеткен.
Ақмола облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлерімен жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Бурабай ауданының 53 жастағы тұрғыны, есірткі заттарын сату күдіктісі ұсталды. Тұрғылықты жері бойынша санкцияланған тінту жүргізу кезінде ер адамның үйінде өсімдік тектес есірткі затына ұқсас, салмағы 1 келіден асатын 32 полиэтилен пакет, сондай-ақ есірткі құралдарын сақтауға және пайдалануға арналған сыйымдылық пен құрылғы табылды, - делінген мәліметте.
Полиция мәліметінше, тәркіленген заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберіліп, пакеттердегі зат кептірілген марихуана екені расталды.
Департаменттің тергеу басқармасы осы дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады, - делінген мәліметте.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.