Ақмолалық оқушыларға аттестатпен бірге колледж дипломы беріледі

10 Шілде 2023, 17:45 1089

Ақмола облысында колледждер базасында жоғары сынып оқушыларына жұмыс біліктілігін беру бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің техникалық және кәсіптік білім департаменті мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жаңа білім беру бағдарламасы 10-11 сынып оқушыларына өз мектебінде білім ала жүріп, колледждерде жұмысшы мамандықтарын қатар меңгеруге мүмкіндік береді. 

«Қазіргі уақытта 16 жұмысшы біліктілігі анықталды. Оқыту күніне 2 сағаттан тұрады. Бүгінгі таңда еліміздің әр өңірінде 2 колледж анықталды. Онда оқушылар кәсіби дайындықтан өтеді», - дейді Ернат Жүнісов.

Пилоттық жоба бойынша Ақмола облысының оқушылары Көкшетау қаласының Құрылыс-технологиялық колледжі мен Степногорск қаласының жоғарғы колледжі базасында білім алады.

«Биыл пилоттық жобаға Көкшетау қаласының екі мектебі қатысады. Оқушылар аспаз, наубайшы, сәндік-қолданбалы өнер және дәнекерлеуші мамандығын оқиды. Степногорск қаласында 9 мектеп бағдарламаға қатысуға ниет білдірді. Бұл мектептердің түлектері «Интерьер дизайны» және «автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандықтары бойынша білім ала алады. Колледжде білім беру процесін жүргізу үшін білім беру бағдарламасы әзірленді, педагогтер дайын, арнайы пәндер шеберханалары мен кабинеттері жабдықталған», – дейді  Ақмола облысы білім басқармасының басшысы Шоқан Оразалин.

Айта кетейік, оқуды аяқтағаннан кейін оқушылар мектеп аттестатымен қатар колледж дипломын алып, еңбек нарығына шыға алады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: