Ақмола облысында бірнеше көліктің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы адам өлімімен аяқталды. Апат салдарынан бір адам қаза тауып, тағы екі азамат түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 13 желтоқсан күні Астана – Ерейментау – Шідерті автожолының Павлодар бағытына қарайтын 94–95-шақырымында тіркелген. Оқиғаға барлығы жеті автокөлік қатысқан.
Алдын ала деректер бойынша, жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам әртүрлі дене жарақатымен медициналық мекемеге жеткізілді. Бір жолаушы оқиға орнында көз жұмды, - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, аталған дерек бойынша қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесіне қарай тиісті процессуалдық шешім қабылданады.
Полиция қызметкерлері мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, әсіресе қозғалыс қарқынды учаскелерде жылдамдықты асырмауға және көліктің техникалық жағдайын үнемі бақылап отыруға шақырды.