Мемлекеттік тілді өмірдің барлық саласында қолданып, аясын кеңейту жолында қызмет ету және өз үлесін қосу әрбір қазақстандықтың алдында тұрған парыз. Бұл ретте еліміздегі этнос өкілдерінің белсенділігі айқын көрінеді. Әсіресе мемлекеттік тілді меңгеріп, қазақ тілін басқаларға үйретуде еңбек етіп жүрген мұғалімдердің еңбегі ерен, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ҚХА бапасөз қызметінің мәліметінше, Ақмола облысы Зеренді ауданы Қызылсая ауылында өскен, тамырында орыс-белорус қаны бар Яна Крючек үшін қазақ тілі өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Олай дейтініміз, таза қазақша сайрап тұрған сары қызды көргенде риза болмайтын адам жоқ. Оған таңқалатын ештеңе жоқ. Ниеті мен мектепте сабақ берген қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Бегалина Райхан Тоқсанбайқызының мамандығына адалдығы дер едік. Ол қазақ тілінің қыр-сырын үйретіп қана қойған жоқ, ұлттың мәдени дәстүріне, тарихына, халық ауыз әдебиеті шығармашылығына терең бойлауға жол ашты. Педагог Янаның қабілетін байқап, аудандық, облыстық және республикалық тілдік байқауларға дайындады және сүйемелдеді. Бір жолы кезекті сайыста Яна екінші орында тұрған кезде талантты шәкіртінің бірінші орынға лайық екенін сезіп тұрып көз жасына ерік берсе, ары қарай қайрағаны да бар. Сол жолы Яна жақсы ұстазына уәде беріп, өзі де мұғалім болуға бел байлады.
Менің тағдырым басқаша емес, дәл осылай өрбігеніне ризамын. Қазақ ауылында туып, қазақ мектебі мен колледжін жақсы бітіргенімді мақтан тұтамын. Мемлекеттік тілді білгенімнің арқасында еліміздің жартысын аралап шықтым. Мемлекет басшысымен кездесу бағы бұйырды. Еліміздің көптеген танымал, табысты адамдарын көрдім. Өмірімдегі айтулы сәттер күш беріп, жігерлендіре түседі, – дейді Яна Крючек.
Яна Крючек Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжін бітірген. Жоғары білімді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша алды. Қазір Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ этномәдени бірлестіктердің жастармен іс-қимыл және ҚХА құрылымы бөлімінің маманы. Сондай-ақ, «Мәміле» клубы аясында қазақ тілі курсын жүргізеді. Және де Ассамблеяның «Мемлекеттік тіл-этносаралық қатынас тілі» арнайы жобасы аясында киберспорт комментаторларын қазақ тілінде жүргізуге дайындап жатқан жобасында белсенді оқытушы.
Яна Крючек – мемлекеттік тілді насихаттау мен дамытуға бар күшін салып жүрген ұстаз.
Мен өзімнің құрдастарым мен алдыңғы толқынның қазақ тілінің байлығы мен құндылығын бойларына сіңіргенін қалаймын. Мемлекеттік тілде таза сөйлегісі келетіндердің қатарын көбейтуге өз үлесімді қосуға тырысамын. Әрине, қазақ тілі әлемдегі ең бай тіл. Болашақта қазақ тілі түрлі салаларда қолданылатын болады. Оның бір дәлелі жоғары технологиялар нарығымен тікелей байланыстағы спорттық индустрияның жаңа саласы - киберспорттың қазақша «сөйлеуі». Оның комментаторларын қазақ тілінде ойын жүргізуге дайындауға қолдау көрсетіп, Ассамблея үлкен қадам жасап отыр, – дейді Яна.
Мемлекеттік тілді меңгергісі келетін ақмолалықтар Янаның курсына жазылып, тіл меңгерген соң алғыстарын айтып, достарын, таныстарын да жіберіп отырады. Расында Янаның сабақтары бір-біріне ұқсамай қызықты өтеді. Бұл жас ұстаздың өз алдына мақсат қойып, тыңғылықты дайындалуының жемісі.