Ақмола облысының бес ауданында әкімдер сайлауы өтеді

14 Қыркүйек 2023, 04:24 853

Бүгін облыстық мәслихаттың кезектен тыс IV сессиясында Ақмола облысы бойынша әкімдерді сайлау ұйымдастырылатын пилоттық аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың тізбесі бекітілді, оларды өткізу күні белгіленді,

Ақмола облыстық әкімдігінің мәліметінше, сессияда облыс әкімі Марат Ахметжанов саяси науқанды өткізудің маңыздылығын атап өтті.

Президент өз жолдауында ел дамуының жаңа экономикалық саясатының нақты мақсаттары мен міндеттерін атап өтті. Өздеріңіз білетіндей, 2021 жылдан бастап аудандық маңызы бар қала, кент және ауылдық округ әкімдерінің сайлауы тұрақты түрде өткізіліп тұрады. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес «Ақмола облысының  пилоттық өңірлерінің тізбесін және аудан әкімдерінің сайлау күнін белгілеу туралы» мәслихаттың шешімі сайлауды тағайындау үшін негіз болып табылады. Өңірлер әкімдерінің сайлауын ұйымдастырылған және табысты өткізу - біздің  міндетіміз, - деп атап өтті М.Ахметжанов.

Депутаттардың дауыс беру нәтижелері бойынша Ақмола облыстық мәслихаты Ақкөл, Астрахан, Шортанды, Есіл және Жақсы аудандарында пилоттық тікелей сайлау өткізу туралы шешім қабылдады. Бес аудандағы сайлау науқаны 2023 жылдың 5 қарашасына жоспарланған.

Перизат Саденова
Бөлісу: