Ақмола облысында мемлекет мүлкін жымқырған бұрынғы бөлім бастығы 5 жылға сотталды

19 Шілде 2023, 15:05 567

Ақмола облысында мемлекет мүлкін жымқырған бұрынғы бөлім бастығы 5 жлға сотталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

Ақмола облысы, Аршалы аудандық сотының мәліметіне сәйкес, Аршалы ауданының тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бұрынғы басшысы «А.» мемлекеттік меншіктегі газ тарату станциясының ғимаратын бұзып, бөлшектеуді «Ж.» мен «Н.»-ға ұсынған және рұқсат қағазы үшін олардан 12 миллион теңге сұрады.

Алдын ала төлем ретінде «А.» олардан 4 миллион теңге алып, бұзу құқығын беру туралы жалған анықтама берді. Кейін, «А.» оларға объектіні бұзудың орнына жалға алуды ұсынып, олармен 30 жылға мүліктік басқару шартына қол қойысты, бұл үшін тағы ақша талап еткен.

Осылайша, «А.» қызметтік бабын пайдалана отырып, ірі көлемде алаяқтық жасады (ҚК-нің 190-бабы, 3-бөлігінің 1),2)-тармақтары).

Сонымен қатар, «А.» өз танысынан 11 000 000 теңге қарыз алып, оған ТКШ бөлімінің балансында тұрған генераторлық қондырғыны кепілге берген. Сөйтіп, «А.» мемлекетке 1 322 381 теңге сомасында материалдық залал келтіріп, өзіне сеніп тапсырылған мүлікті жымқырған (ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігінің 2)-тармағы).

«А.»-ның кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтары, айғақтарды тексеру және нақтылау хаттамалары, құжаттарды алу және қарау хаттамасы, қабылдау-тапсыру актісі, тексеру хаттамасы, сарапшылардың қорытындылары, аудиторлық есеп арқылы дәлелденді.

Жаза тағайындауда сот жеңілдететін мән-жайларды - оның жас балалары бар екенін және ауырлататын мән-жайларды - мемлекеттік қызметшінің антын бұзған адамның қылмыстық құқық бұзушылық жасауын ескерді.

Сот үкімімен «А.»-ға мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Равиль Ашығали
Бөлісу: