Ақмола облысында 10 мың адам сусыз отыр

9 Маусым 2023, 14:25 2207

Бұл туралы Ақмола облысы мәслихатының депутаты Әбілхайыр Ошақбаев айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Он екі елді мекен сусыз отыр. Қорғалжын, Егіндікөл, Атбасар аудандарының елді мекендері. Бұл бір ауылдың проблемасы емес. Егіндікөл ауданының жеті ауылы сусыз отыр. Соңғы үш жыл суды тасып ішіп отырды, қазір енді таситын да су жоқ. Суды көлден алып жатыр. Ауыз су жоқ. Осы уақытқа дейін мектептер де сусыз отырды. Қазір ауруханалар да сусыз отыр. Гигиеналық жағынан да қиын болып кетті. Бұл – өте күрделі мәселе. Үкімет 25 мамырда төтенше жағдай жариялады. Бірақ әлі күнге дейін ештеңе істеп жатқан жоқ. Халық осыған алаңдаулы. Сабынды ауданынан бастап Егіндікөлге дейін су құбырын түгел жаңарту керек. Сметалық құжаттарды тезірек өткізіп, сараптамадан өткізіп, жұмысқа кірісу керек. Қарашаға дейін бәрін жаңартып, судан тарығып отырған ауылдарға су жіберу керек. Төтенше жағдай заңға сәйкес жарияланды ғой. Мұндай төтенше жағдайдың кезінде резервтен ақша бөліп жасауға болады ғой, - дейді ол.

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Малғаждар Тәткеевтің айтуынша, Нұра су құбырының 90%-ы тозған. Осы себептен де 25 мамырда төтенше жағдай жарияланған.

Мәселе Нұра су құбырының істен шығуынан туындап отыр. Су құбыры 2018 жылға дейін Ақмола су арнасының қарамағында болған. 2018 жылы су арнасының жөндеу жұмыстарын материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ете алмауына байланысты Үкіметтің 2018 жылы 11 қыркүйектегі №556 қаулының 1,2-тармақтары негізінде республикалық меншікке берілген. Сол кезде «Ақмола су арнасының» жұмысшылар, жеткізушілер, салық және өзге де мемлекеттік органдар алдында көптеген қарызы бар екені анықталған. Сорғы станциялары, ғимараттар, құрылыстар, жабдықтар, құбырлар пайдалануға жарамсыз болып шыққан.

Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарайтын Су ресурстары комитетінің «Нұра топтық су құбыры» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны қарамағында.

Бес ауданды кесіп өтетін Нұра магистральдық су құбыры 1967-1979 жылдары пайдалануға берілген. Жалпы ұзындығы 1237,57 км. Ақмола облысының Астрахан, Атбасар, Егіндікөл, Қорғалжын және Целиноград аудандарының ауылдық елді мекендерін сумен қамтамасыз етеді.

Қазір су құбырының 336,91 км бойымен ғана су жүріп тұр. Су құбырының қалған бөлігі пайдалануға жарамсыз, ескірген, шұрық тесік. Су құбыры апатты жағдайда. Тұрғындар сусыз отырмыз деп дабыл қағуда.

Қазіргі таңда апат деңгейін анықтау бойынша сараптама нәтижелеріне сәйкес, 90%-ы тозған. Жыл сайын су құбырындағы апат саны артып келеді. 2011 жылы – 209 апат, 2012 жылы – 212 апат, 2013 жыл – 196 апат, 2014 жылы – 178 апат, 2015 жылы - 214 апат, 2016 жылы – 279 апат, 2017 жылы – 315 апат, 2018 жылы – 208 зақымдану және апат, 2019 жылы – 162 апат, 2020 жылы – 117 апат, 2021 жылы – 109 апат, 2022 жылы 60 апат болды.

Осыған байланысты Қорғалжын және Егіндікөл аудандарының тұрғындарын ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында 2020 және 2021 жылдарға арналған республикалық бюджеттен қаржыландырылатын жалпы сметалық құны 579,651 миллон теңге бөлінген. Осы ақшаға Ақмола облысындағы Нұра топтық су құбырын қайта жаңарту бойынша жұмыс жүргізілген. Бұл жобада жалпы ұзындығы 16 448 м болатын 8 апаттық учаске ішінара қайта жаңартылды.

- Ұзындығы 650 м Қарғалы ауылы маңындағы авариялық учаске;

- Ұзындығы 3630 м Қарғалы ауылы маңындағы авариялық учаске;

- Ұзындығы 756 метр магистральдық су құбырынан Майшұқырға бұрылғаннан кейін авариялық учаске;

- Ұзындығы 450 м Майшұқыр ауылына бұрылғаннан кейін Астана-Қорғалжын тас жолының бойындағы авариялық учаске;

- Ұзындығы 298 м Майшұқыр ауылына бұрылғаннан кейін Астана-Қорғалжын тас жолының бойындағы авариялық учаске;

- Авариялық учаске ұзындығы 8381 м Ұзынкөл ауылына дейін магистральдық су құбырынан бұру;

- Кеңбидайық ауылындағы Нұра өзеніне дейінгі магистральдық су құбырының ұзындығы 1094 м авариялық учаске;

- Ұзындығы 1189 м Нұра өзенінен кейінгі Кеңбидайық ауылындағы магистральдық суағардың авариялық учаскесі.

Сабындыдан өтетін су құбырында жұмыс істейтін қызметкерлердің айтуынша, апат күн сайын болып жатыр.  

Су құбырын толық реконструкциялауды жүзеге асыру мақсатында комитет «Ақмола облысында Нұра топтық су құбырын реконструкциялау» бойынша ЖСҚ әзірлеуді жүргізуде. Мердігер ұйым - «Казгипроводхоз Институты» ЖШС. ЖСҚ әзірлеуге 387, 301 миллион теңге бөлінді. Жоба 4 кезеңге бөлінген.

Төрт кезеңді жобалауды аяқтау 2023 жылы жоспарлануда. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының нормативтік мерзімі – 24 ай.

Сондай-ақ Экология және табиғи ресурстар министрлігіне 2023 жылғы республикалық бюджетті біріншінақтылау шеңберінде жалпы құны 630,8 миллион теңге болатын «Егіндікөл ауылынан Степняк АҚ-ға дейінгі Нұра топтық су құбыры учаскесін қайта жаңарту» жобасын іске асыру басталуына 330 миллион теңге бөлінген. Нұра су құбыры ШЖҚ РМК жетекшісі Гамзат Сағындықовтың сөзінше, құрылыс жұмыстарына 8 миллиард теңге қажет. Қаржы министрлігі өкілі Клара Байдалиева бұл қаражатты екіге бөліп аударуға болатынын айтты.

Ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша комитет төрағасы Серік Егізбаевтың айтуынша, тамыз айында жөндеу жұмыстары басталады.

1 маусым күні Ерлан Қошанов Ақмола облысына барды. Осы кездесуде Егіндікөл, Қорғалжың аудандары өкілдері су құбыры мәселесін көтерді. Үлкен су құбыры жұмысы тоқтауына байланысты 30-ға жуық елді мекен сусыз қалды. Бұл істе жауапты мекеме – «Қазсушар» мекемесі. Олар әкімшілікке қарамайды, Экология министрлігінің қарамағында. Бүгін осы мәселені шешу жолдарын іздедік. Жалпы, бұл мәселені шешу үшін 8 миллиард теңге қажет. Оған сараптама жүргізіп, құжат жүзінде дәлелдеп, ақшаны Қаржы министрлігі бөлуі үшін заңда бекітілген рәсімдер бойынша ақша бөлу ұзақ уақыт алады екен. Су бүгін қажет. Бірақ қазіргідей аптап ыстықта сусыз отырған халықты көріп, біз бүгін тез шешудің жолдарын іздеп жатырмыз. Экология бірінші вице-министрі бізге төтенше жағдай жариялау арқылы жеделдетуге мүмкіндік болады деп отыр. Біздің заңымыз бойынша жылдың аяғында барып ақша бөлінуі керек еді. Енді біз жеделдетіп, 20 маусымға дейін ақша бөліп, жұмыстарды бастап кетуге мүмкіндік жасап отырмыз. 380 шақырым су құбырын құжаттарын өткізіп, Индустрия министрлігі сараптама жасайтын болады. Бұл сараптама 45 жұмыс күнінде жасалуы керек екен. Біз осы сараптаманың мерзімін бір жұмаға дейін қысқартуды талап етіп отырмыз. Содан кейін құжаттар Қаржы министрлігіне барып, барлығы талапқа сай тексеріліп, ақша бөлінетін болады. Тамыз айында құрылыс жұмыстарын бастап кетеді деп келістік, - деді Мәжілістің Ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша комитет төрағасы Серік Егізбаев.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: