ӘҚК-нің құрылған күні: әуе шебі күзетіндегі 26 жыл

18 Тамыз, 19:45 486

18 тамызда елімізде Әуе қорғанысы күштерінің құрылған күні атап өтіледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, қарулы күштердің бұл түрі 26 жыл бойы әуе кеңістігінің сенімді қалқаны ретінде қызмет етіп келеді.

Бүгінде Әуе қорғанысы күштері қазіргі заманғы қару-жарақпен және әскери техникамен жабдықталған, мақсатына сәйкес тапсырмаларды орындауға дайын Қарулы күштердің көп мақсатты және көпфункционалды түрі болып табылады. Оның құрамына Әскери-әуе күштері мен Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері кіреді.

Әскердің элитасы саналатын Әскери-әуе күштері сапындағы ұшқыштар, инженерлер және техниктер күн сайын әуе шебін қорғауды қамтамасыз етіп, жауынгерлік тапсырмаларды орындайды. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс –бұл әуе шабуылдары мен қауіптерден қорғауды қамтамасыз ететін сенімді жүйе. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері ықтимал қауіптерді уақтылы анықтап, бейтараптандыруға мүмкіндік беретін жоғары техникалық білім мен дағдыларға ие мамандардан тұрады.

Көктемгі су тасқынына қарсы іс-шараларға Әуе қорғанысы күштерінің әскери қызметшілері де қатысты. Сындарлы сәтте ұшу құрамының иығына үлкен жүк артылды. Су тасқыны салдарын жою жоспары бойынша ұшуларды орындау кезеңінде ұшқыштар 477 рет әуеге көтеріліп, жалпы ұшу 436 сағатты құрады. 3244 адам эвакуацияланды, 1132 адам және 189 тонна жүк тасымалданды.

Ел басшылығы Әуе қорғанысы күштерінің жеке құрамын оқытуға көп көңіл бөліп келеді. Өйткені олар ең ұтқыр әрі жоғары технологиялық қару түрлеріне иелік етеді. Жыл сайын даму жоспарына сәйкес оқу-материалдық базаны дамыту мен жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

Әуе қорғанысы күштері – еліміздің қуатты қалқаны. Біздің әрқайсымыз Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баға жетпес үлес қосамыз. Әскер-әуе күштері мен Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері дайындық пен жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейінде деп мақтанышпен айта аламыз, – деді ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов.

Ұшқышсыз авиациялық жүйелер мен әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін жауынгерлік қолдануды жақсарту мен жетілдіруге ерекше назар аударылады. Оның шеңберінде L-410 UVP E-20 ұшағының жаңа үлгісінде ӘҚК әскери институтының жеке құрамын қайта даярлау, әуе күштері мамандарын  «Аnkа» ҰҰА-мен жұмыс істеуге оқыту, әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің әскери қызметшілерін «Тор-М2К» және «Бук-М2Э» ЗЗК-де қайта даярлау жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта мамандар Испанияда ағымдағы жылдың соңына дейін қызметке қабылдау жоспарланып отырған

А-400М көлік ұшағының жаңа түрімен қайта даярлаудан өтуде.

Таяу жылдарға арналған ӘҚК дамытудың негізгі мақсаттары мен басым бағыттары қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа түрлерін, оның ішінде жеке құрамды оқытуға арналған оқу-жаттығу құралдарын игеру, жауынгерлік іс-қимылдарды дайындау мен жүргізудің қазіргі заманғы тәсілдерін пысықтау, әскери институттардың базасында білікті офицер кадрлар мен кіші мамандарды даярлау, әскери институттардың базасында әскери академиялар құру жолымен мамандықтар тізбесін кеңейту болып отыр.

«Қалқан-2024», «Эфес-2024», «Бірлестік-2024» сияқты халықаралық оқу-жаттығуларға қатысқан ӘҚК-нің жеке құрамы басқа мемлекеттер армияларының қазіргі заманғы жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізудегі баға жетпес тәжірибесін игерді. Атап айтқанда, жылдам және байқалмайтын әуе нысандарымен, төмен ұшатын ұшқышсыз ұшу аппараттарымен және FPV-дрондарымен, сондай-ақ жауынгерлік жағдайда әскерлерді басқару принциптерімен күресу тәсілдері бар. Жыл сайын Әуе қорғанысы күштері жаңа технологиялар мен қару-жарақтарды пайдалана отырып, Қазақстанның әуе кеңістігін күзетуді жалғастыруда.

Зарина Арман
Бөлісу: