Танымал жұлдызды жұп Қуаныш пен Қарлығаш дуэті “Жұлдызды weekend” бағдарламасында басына түскен қиындықтарымен бөлісті, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.
Екеуі отбасын құрып, шаңырақ көтергенде баспаналары болмай, қиындықтарға тап болған. Сол кезде оларға көмек қолын бірінші созған жан Ақбота Керімбекова болыпты.
Ақбота әпкеміз жанашырлықпен «анамның үйінің алдында бір бөлмелі жазда отыратын үй бар, соған барып тұрыңдар. Айына 10 мың теңге беріп тұрсаңдар да жетеді» деді. Жанашырлықпен айтқанын білеміз. Ол тұста, бір бөлмелі үйге зәруміз. Әпкемізге сеніп сол бір бөлмелі үйге заттарымызды тиеп, көшіп барды. Анасын мүлде танымаймыз,- дейді олар.
Қала аралап кетіп қалатын кездері екен, уақытысында пәтерақыны бере алмаған.
Бір күні келсек заттарымыздың бәрін далаға шығарып тастапты. Иесіз далада қанша күн тұрғанын білмейміз, келсек киімдеріміз су болып, көктеп кетіпті. Десе де, ол кісіге ренжіген жоқпыз. Әпкемізге де әлі күнге дейін алғыс айтамын. Қатты қиналғанда қол ұшын беріп, жанашырлық танытты, – деп еске алады әнші.
Сол күні тіпті кездесуге киіп баратын киім таппай қиналыпты.