Ақбаян Жолдасбекова: Әлемде әрбір бесінші адам бас ауруынан зардап шегеді

30 Шілде, 17:30 651

Қазіргі күні бас ауруы адамдар арасында өте жиі кездеседі. Олардың көбі бас сақинасына шалдыққандар. Аптасына 1-2 күн, не күнде басыңыз ауырса, бұл бас сақинасы ауруының алғашқы симптомдары болуы әбден мүмкін. Бас ауру ұстамасы ұстаған кезде дәрі-дәрмектер де көмектеспей қалатын кездер болады. Мұндай жағдайда не істеу керек? Бас сақинасының емі бар ма? ҚР ПІБ МО ауруханасының невролог-дәрігері Ақбаян Жолдасбекова осы және өзге де сұрақтарға жауап беріп, оның алдын алу үшін не істеу керегін, қандай жағдайда дәрігерге жүгіну қажет екенін түсіндіріп берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Невролог-дәрігер Ақбаян Жолдасбекованың айтуынша, әлемдегі әрбір бесінші адам бас ауруынан зардап шегеді екен. Оған психикалық және эмоциялық шаршау, ми тамырларының склерозы, бас сақинасы, мидың органикалық аурулары (ісік, инсульт және тағы басқа) себеп болады.

Халықаралық бас ауруы қоғамының мәліметі бойынша, бас аурудың 200-ден астам түрі бар. Оның ішінде бас сақинасы (мигрень), кернеулі бас ауруы, кластерлі бас ауруы және басқа тригеминальді-вегетативті бас аурулары жиі кездеседі. Бұл – бас ауруының біріншілік түрі. Сонымен қатар бас ауруының екіншілік түрі де бар. Олар қан қысымы, анемия, ми ісіктері, қан құйылу, менингит сынды басқа аурулардың салдарынан пайда болады. Бас сақинасы (мигрень) дегеніміз – бастың ұстама ауруы. Сақинасы ұстаған кезде, әдетте, бастың бір жартысы ауырады. Мигреньнің синонимі – гемикрания, ол грек тілінен аударғанда «бастың жартысы» дегенді білдіреді. Ауру кезінде автономдық жүйке жүйесінің қызметі бұзылып, ми табанындағы қан тамырлары кеңейіп кетеді, - дейді Невролог-дәрігер.

Бұл аурудың басты ерекшелігі - тұқым қуалайды. Маман мигрень белгілеріне тоқталып өтті.

Бас сақинасы тұқым қуалайды, сондай-ақ жасөспірімдердің гормондық өзгерісі кезінде байқалады. Аурудың жиі қайталануы — адамның жас ерекшелігіне, тіршілік ету ортасына, жұмысына, демалысына, тамақтануына байланысты. Мигрень белгілерінің қатарында бастың бір бөлігінің солқылдап ауыруы, әлсіздік, тітіркену, жүрек айну, құсу және жарық пен қатты дыбыстарға шыдай алмау (фонофобия) бар. Ұстаманың ұзақтығы бір сағаттан бірнеше күнге дейін созылады, - дейді ҚР ПІБ МО ауруханасының невролог дәрігері Ақбота Жолдасбекова.

Бас сақинасы кезінде науқасқа дәрігердің нұсқауынсыз ем қабылдауға болмайды. Сонымен қатар, дәрігер жазған емге байланысты нұсқаулықты қатаң сақтау қажет екенін ескертеді.

ҚР ПІБ МО ауруханасында бас сақинасын диагностикалау, алдын алу және емдеу жүргізіледі. Ол үшін біз анамнез жинап, неврологиялық тексеру жасаймыз. Ұстамалардың созылмалы түрге айналуының алдын алу үшін, өмір сапасын және жұмыс істеу қабілетін жоғалтпас үшін емдеуді бастапқы кезеңде қолға алу маңызды. Біз әр адамға терапия тағайындаймыз. Егер пациент емдеуші дәрігердің ұсынымдарын қатаң сақтаса бас ауруларының қарқынын ғана емес, сонымен қатар ұстамалардың санын да азайтуға болады. Егер бас ауруы бір айда 4-8 рет қайталанса, ұстамалар жиілесе және қабылдаған дәрілер ауырсынуды баспаса дәрігерге жүгіну қажет екенін ескертті. Өзін-өзі емдеуге мүлдем болмайды, - дейді ҚР ПІБ МО ауруханасының невролог дәрігері Ақбота Жолдасбекова.

Әлемде бас ауруына шалдыққан адамдардың қатары көбейіп келеді. Осы орайда аталмыш диагнозға қатысты статистикалық деректер топтамасын ұсынамыз:

Статистикаға сәйкес, 3-7 жас аралығындағы балалардың 5% - дан 50% - на дейін қандай да бір түрдегі бас аурулары болады. Мигрень белгілерінің мұндай ерте кезден пайда болуы көбінесе баланың басына басқа аурулар бойынша қауіп төніп тұрғанын көрсетеді. Мысалы,  бас айналу, іштің жиі ауырсынуы, мойынның қисаюы. Дегенмен, ерте жаста пайда болатын мигреннің себептерін түсіну үшін қосымша зерттеулер қажет. Сонымен қатар, мектеп жасындағы балалардың 10% - ының басы жиі ауырады және олардың көпшілігінде нақты диагноз қойылмайды. Бас ауруы бар балалар мектептен екі есе көп қалатыныны анықталды. Бұл аурудан зардап шегетін адамдардың жартысы бірінші рет 12 жасқа толғанға дейін басының ұстамасы болғанын айтады.

Мигрень көбінесе 30-40 жас аралығындағы адамдарда кездеседі. Мигрень белгілері бар адамдардың 90% -ы 40 жасқа дейін алғаш рет бас сақинасының қатты ұстамасы болғанын айтады. Ал бұл дертке шалдыққандардың 40%-ында 65 жасқа дейін мүлдем ұстама болмайды. Бұл жағдайда 75 жастан асқан адамдарда Мигреннің пайда болу ықтималдығы төмендейді. Мигрень жиілігі 21-34 жас аралығындағы ер адамдар үшін 74% құрайды, ал 75 жастан асқан ер адамдар үшін бұл тек 21% құрайды. Әйелдер үшін бұл көрсеткіш 21-34 жас аралығындағы 92% шыңына жетеді, содан кейін 75 жастан асқан әйелдер үшін 55% дейін төмендейді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша мигрень әлемдегі мүгедектікке әкелетін 20 аурудың бірі болып табылады. Бұл диагноздың таралуы әр аймақта өзгереді (Еуропада және Солтүстік Америкада жоғары және Азияда төмен). Сонымен қатар, олардың үштен бірі төсек тартып жатып қалуы әбден мүмкін. Бас ауруы бар адамдардың ұстамасы әдетте айына төрттен 72 сағатқа дейін созылады. Адамдардың 90% - ы бас ұстамасы қалыпты жұмыс істей алмайды. Сондықтан мигрень мүгедектіктің 25 негізгі себептерінің бірі болып табылады.

Мигрень бастың бір жағында жиі кездеседі. Кейбір кездері бас ұстамасы екі жаққа да бірдей әсер етеді. Жалпы, мигреннің төрт фазасы бар: алдын ала кезең, аура кезеңі, негізгі шабуыл немесе бас ауруы кезеңі және постдромдық кезең (қалпына келтіру кезеңі). Мигрень дүние жүзінде мүгедектіктің алтыншы себебі болып табылады. Ал аталған бұзылыс әлемдегі ең көп таралатын аурулардың үштігіне кіреді екен. Бірінші және екінші орында шамадан тыс жүктемеден болатын бас ауруы мен кариес тұр.

Бас ұстамасы бар науқастар депрессия мен мазасыздықты бес есе жиі басынан өткереді. Көбінесе, ондай науқастардың 50% -ында мазасыздық, 25% -ында депрессия бар. Олар сондай-ақ қосымша медициналық көмекті қажет ететін суицидтік мінез-құлыққа бейім. Сонымен қатар, мигрень ұстамасы кезінде әлеуметтік қызметтің төмендеуі науқастардың отбасыларына және болашақта психикалық денсаулығына әсер етуі мүмкін. Ұстамалардың ауырлығы стресс пен мазасыздыққа байланысты артады. Сауалнамаға қатысқан мигреньмен ауыратындардың 59,6% - ы пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда ұстамалардың жиілігі артқанын айтты.

Бас ауруы ұстамаларының 15-20% -ы неврологиялық аурулардың симптомдарына ұқсас көрінеді. Оның басты белгілері – бас айналу, құсу немесе дыбыстарға қатысты туындайтын сезімталдық. Одан өзге жарық пен күн сәулесіне де сезімталдық күшейе түседі. Ұқсас симптом пациенттердің 15-20% - у тіркеледі, 15-20 минут ішінде дамиды және бір сағаттан аз уақытқа созылады.

Бас ұстамасы ауруына ауа-райының да өз әсері бар. Пациенттердің 50% - ы ауаның сапасы мен температурасы өзгергенде ауруының асқынғанын айтады. Бас ауруы температураның жоғарылауынан, ылғалдылықтан немесе найзағай кезінде, сондай-ақ атмосфералық қысымның немесе биіктіктің күрт өзгеруінен күшеюі мүмкін. Сондықтан мезгіл ауысқанда немесе уақыт белдеулерін ауыстырғанда, саяхат кезінде дерт күшейе түседі.

Мигреньмен ауыратын адамға күніне кемінде жеті сағат тұрақты ұйқы қажет. Көптеген адамдарға келесі күні демалу үшін кемінде жеті сағат ұйықтау керек. Ал бас сақинасы барлар мүмкіндігінше тұрақты ұйқы режимін ұстануы керек.

Кейбір тағам түрлері бас ұстамасын одан сайын қоздыруы мүмкін. Мигренді қоздыратын көптеген тағамдар бар. Әртүрлі дереккөздерге сәйкес, оларға: ірімшік, шоколад, қаймақ, жаңғақтар, кофе, алкоголь, жержаңғақ майы, цитрус шырындары және жемістер жатады.

Өткір және хош иістер немесе парфюмерия мигреньді тудыруы мүмкін. Химиялық-тұрмыстық өнімдер мен бензин де бас ұстамасына шалдықтыруы мүмкін. Мұндай бас аурулары қатты болады.

Ботокс бас ұстамасын емдеуге көмектеседі. Аталмыш дерт үнемі зерттелгендіктен, қосымша емдеу әдістері енгізіледі. Созылмалы бас ауруы үшін инновациялық терапевтік балама - ботоксты қолдану. Бұл процедура бас ұстамасының жиілігін азайтады. 2010 жылы ботокс ересектердегі созылмалы мигреньді емдеу ретінде мақұлданды. Науқасқа инсулин шприцімен бір сеанста шамамен 160-200 бірлік ботулинум токсинін енгізеді.

Физикалық жаттығу мигреннің алдын алуға немесе азайтуға көмектеседі. Жүгіру, серуендеу, жүзу, велосипедпен жүру немесе йога сияқты тұрақты орташа жаттығулар мигреньді болдырмауға немесе ұстамалардың жиілігін азайтуға көмектеседі. Аптасына үш рет орташа қарқындылықпен, кем дегенде 30 минут жаттығу ұсынылады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: