Ақауы бар ақылы жолдардан төлем алынбайтын болды

Ақауы бар ақылы жолдардан төлем алынбайтын болды

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев ақауы бар ақылы жолдардан ақы алмау шарасының орындалу барысын баяндады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Соңғы екі айдағы жолаушылардың шағымынан кейін бастама көтеріліп, Көлік министрлігі қыркүйекте тиісті бұйрық шығарған.

«Қазір арнайы комиссия әрбір ақылы жолды тексеріп жатыр. Нәтижесінде ақауы бар учаскелер анықталып, сол бөліктер үшін төлем алынбайды», — деді Дархан Иманашев.

Жолдардағы кемшіліктер жойылған соң, олар қайтадан ақылы болады.

Арнайы комиссия барлық учаскелерді 10 қарашаға дейін қарап бітіреді.
25–30 қарашада Көлік министрлігі бұйрық шығарып, ақы алынбайтын жолдар тізімін жариялайды.

Пайдаланушылар жеке кабинетінде төлем шегерілген учаскелер туралы ақпаратты көре алады.

2024 жылдың 9 айында елдегі 26 ақылы жолдан бюджетке 62 млрд теңге түскен.