05.02.2026
16:33
3291
Ақ Олимпиада: Қазақстанның шынайы мүмкіндігі қандай?

Ақ Олимпиада: Қазақстанның шынайы мүмкіндігі қандай?

6 ақпанда Италияда 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының түндігі түріледі. Әлемнің басты қысқы спорт додасы екі қалада – Милан мен Кортине-д’Ампеццода өтеді. Бұл – Италия үшін ғана емес, бүкіл қысқы спорт әлемі үшін ерекше Олимпиада болмақ. Ал биылғы аламанда отандық спортшылардың жүлде алуға әлеуеті жете ме, соған сарап жүргізейік.

Қазақстан құрамасы: сан бар, сапа ше?

Алдағы Олимпиадада Қазақстан ұлттық құрамасының сапында 36 спортшы ел намысын қорғайды. Бейжіңде 34 спортшы бақ сынаған. Саңлақтарымыз биыл 10 олимпиадалық спорт түрінен бақ сынайды. Команда құрамында ерлер мен әйелдер саны тең – 18 ер, 18 әйел спортшы.

Ал салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан туын алып шығу құрметі шорт-трекші Денис Никиша мен фристайл-могул шебері Аяулым Әмреноваға сеніп тапсырылды. Екі спортшы да халықаралық ареналарда тәжірибесі бар, жауапты сәтке лайықты үміткерлер.

Ту табыстау рәсімі/Ақорда

Италиядағы Олимпиадада 116 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Ал бұл дегеніміз – 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасымен салыстырғанда жеті медальға артық. Жарыстар 16 спорт түрі бойынша өтеді. Бағдарламада ски-альпинизм алғаш рет олимпиадалық спорт ретінде енгізілсе, бірқатар дәстүрлі спорт түрлерінде жаңа форматтар пайда болды. Бұл өзгерістер көптеген елге, соның ішінде Қазақстанға да медаль қорын толықтыруға қосымша мүмкіндік береді.

Соңғы үш Олимпиаданың статистикасына үңілсек, Қазақстанның негізгі нәтижелері екі-үш спорт түрімен ғана шектелетінін аңғару қиын емес: могул, шорт-трек және ішінара мәнерлеп сырғанау. Қалған бағыттарда ел құрамасы әлі де әлемдік элитамен бәсекелесе алатын деңгейге жете қойған жоқ.

Ал басты проблема – спорттық пирамидада. Қазақстанда қысқы спорт түрлерінің көпшілігі әлі де:

  • аймақтық базаға сүйенбейді;
  • тұрақты ішкі бәсекесі жоқ;
  • ұзақмерзімді кадрлық резерв қалыптаспаған.

Кейінгі 20 жылдағы статистика көңіл көншітпейді

Қазақстан құрамасы 2000 жылдан бері қысқы Олимпиададан біреуден артық медаль әкелген емес. Оның өзінде соңғы жүлде – 2018 жылғы Пхенчханда Юлия Галышева алған могулдағы күміс. Сол уақыттан бері ел құрамасы Олимпиада тұғырына көтеріле алмады.

Қазіргі таңда негізгі үміт жаңа буынға артылып отыр. Әсіресе сарапшылар осы үш спортшыны жиі атайды:

Анастасия Городко – әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері. Бұған дейін 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында бақ сынаған. Жерлесіміз ол кезде небәрі 16 жаста еді. Одан бөлек, қысқы Универсиадада екі мәрте алтыннан алқа таққан. Ал биыл Әлем кубогының кезеңдерінде тұрақты нәтижелерімен көзге түсіп жүр;

Анастасия Городко

Денис Никиша – әлем чемпионаттарының екі дүркін күміс жүлдегері, 500 метр қашықтықта Әлем кубогының иегері, әлем кубогы кезеңдерінің бірнеше мәрте жеңімпазы және жүлдегері. 2017 және 2019 жылдардағы Универсиадалардың жүлдегері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы әрі 500 метрде ұлттық рекорд иесі. Ол 2014, 2018 және 2022 жылғы қысқы Олимпиадаларға қатысқан. Милан-Кортинада 500 м, 1000 м және аралас эстафетада өнер көрсетеді.

Михаил Шайдоров – 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2025 жылғы Төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы, 2025 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері. Сондай-ақ Гран-при сериясы кезеңдерінің жүлдегері, 2022 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері және Қазақстанның бес дүркін чемпионы. Қазіргі таңда Михаил Шайдоров қазақстандық мәнерлеп сырғанаудың негізгі тірегіне айналып отыр.

Осы орайда Городконың өзі соңғы дайындық жұмыстары Шымбұлақ тау-шаңғы курортында ойдағыдай өткенін алға тартып, қазіргі бабына да жоғары баға берді.

2022 жылғы Бейжің Олимпиадасы бұл ойындардан мүлде бөлек. Қазір алдыма қойған мақсаттарым да өзгеше, тәжірибем де арта түсті. Ол кезде небәрі 16 жаста едім. Психологиялық әрі физикалық тұрғыда толық дайын болмадым деп ойлаймын. Ал бұл Олимпиадаға әлдеқайда саналы әрі кәсіби деңгейде келіп отырмын. Олимпиада ойындарында бар күш-жігерімді салып, жоғары нәтижеге қол жеткізуге ниеттімін, – деді Анастасия.

Сонымен қатар конькимен жүгіру және шорт-тректе де тосынсый жасай алатын спортшыларымыз бар. Оның үстіне Олимпиаданың да ерекшелігі сол, мұнда күтпеген жайттар жиі болады.

Шорт-трек:

Абзал Әжіғалиев – Әлем кубогы кезеңдерінің жеңімпазы және жүлдегері, 2025 жылғы Азия ойындарының чемпионы, сондай-ақ 2011 және 2025 жылдардағы Азия ойындарының жүлдегері. 2017 жылғы Универсиаданың жүлдегері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы. Ол 2018 жылғы Пхёнчхан және 2022 жылғы Бейжің Олимпиадаларында Қазақстан құрамасының ту ұстаушысы болған. 2026 жылғы Олимпиадада 500 метр қашықтықта және аралас эстафетада бақ сынайды.

Абзал Әжіғалиев

Яна Хан – 2019 және 2023 жылдардағы Универсиадалардың жүлдегері, 2024 жылғы Төрт құрлық чемпионатының қола жүлдегері, Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы әрі жүлдегері. Ол 500 метр қашықтықта елдің қазіргі ұлттық рекордының иегері. Яна Хан 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасының қатысушысы. 2026 жылғы Олимпиадада 500 метр, 1500 метр және аралас эстафетада сынға түседі.

Ольга Тихонова – 2023 жылғы Универсиаданың жүлдегері, 2017 жылғы Азия ойындарының жүлдегері, 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасының қатысушысы. Милан-Кортина ойындарында 500 метр, 1000 метр, 1500 метр және аралас эстафета бағдарламаларына қатысады.

Мәнерлеп сырғанау:

Софья Самоделкина – 2025 жылғы Универсиаданың қола жүлдегері, 2025 жылғы Гран-при кезеңінің жүлдегері, 2024 жылғы Қазақстан чемпионы. Сонымен қатар Ресей кубогы кезеңдерінің жеңімпазы және жүлдегері, жасөспірімдер арасындағы Гран-при сериясы кезеңдерінде бірнеше рет жүлде алған спортшы.

Шыны керек, Софья Қазақстан азаматтығын алған кезде түрлі әңгіме айтылды. Себебі Ресейде ол болашағынан зор үміт күттіретін спортшылардың қатарынан болатын. Алайда Қазақстанға келгелі ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жете алмай жүр. Былтырғы әлем чемпионатында небәрі 14-орын алса, кейінгі екі төрт құрлық біріншілігінде алғашқы ондыққа енумен шектелді. Кім білсін, дәл осы олимпиадада ол кеткен қателіктерден сабақ алып, жүлде үшін таласып көрер.

Конькимен жүгіру спорты

Евгений Кошкин – Әлем кубогы кезеңдерінің жеңімпазы және жүлдегері, 2025 жылғы Азия ойындарының жүлдегері, 2022 жылғы Төрт құрлық чемпионатының қола жүлдегері. Қазақстан чемпионы және 500 метр қашықтықтағы ұлттық рекорд иесі. 2026 жылғы Олимпиадада 500 метр қашықтықта сынға түседі.

Надежда Морозова – Әлем кубогы кезеңдерінің жүлдегері, 2023 жылғы Төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы, 2020, 2023 және 2025 жылдардағы осы турнирдің жүлдегері. Қазақстан чемпионы және 2022 жылғы Олимпиаданың қатысушысы. Милан-Кортинада 500 метр, 1000 метр, 1500 метр, 3000 метр, 5000 метр және командалық ізкесу жарысында өнер көрсетеді.

Кристина Силаева – 2025 жылғы Азия ойындарының жүлдегері, 2019 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері, Ресейдің 2021 және 2023 жылдардағы чемпионы. 2026 жылғы Олимпиадада 500 м және командалық қуу жарысында бақ сынайды.

Елизавета Голубева – әлем чемпионаттарының алты мәрте қола жүлдегері (2016, 2019, 2020, 2021), 2018 жылғы Еуропа чемпионы, Ресей чемпионы, 2016 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы (көпсайыс). Милан-Кортинада 1000 метр, 1500 метр және 3000 метр қашықтықтарында жарысқа қатысады.

Өзге спорт түрлерінен жолдамалар болғанымен, жүлдеге қол жеткізу мүмкіндігі аздау.

Ал хоккей, керлинг, бобслей, шанамен сырғанау, сноуборд, ски-альпинизм сынды спорт түрлерінде Қазақстан құрамасы Олимпиадаға іріктеуден өте алмады.

Жасанды интеллект не дейді?

Жасанды интеллектке негізделген болжамдар да нақты цифр айтпады, бірақ өткен Олимпиадалармен салыстырғанда Қазақстанның конькимен жүгіру мен шорт-тректе жүлде алу ықтималдығын жоққа шығармайды.

Алгоритмдер соңғы 10-15 жылдағы Олимпиада нәтижесін, әлем чемпионаттары мен Әлем кубогындағы тұрақтылықты, спортшылардың жасы мен даму динамикасын есепке алған.

Оптимистік сценарий бойынша Қазақстан 2 күміс, 1 қола медаль иеленіп, жалпы есепте үшінші ондықтың соңында орналасуы мүмкін.

Қай елдер фаворит?

Бұл Олимпиада ойындарында басты фавориттердің қатарында Норвегия көш бастап тұр. Норвегиялықтар шаңғы жарыстарында қарсылас шақ келтірмейді, ал ерлер арасындағы бәсекеде тіпті толық үстемдік орнатқан деуге болады. Сонымен қатар биатлон, тұғырдан секіру және шаңғы қоссайысында да тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Бұған қоса, тау шаңғысы, конькимен жүгіру және өзге де қысқы спорт түрлерінде жүлдеге таласуға қауқарлы. Олимпиада қарсаңындағы әлем чемпионаттарында «викингтер» 17 алтын медаль жеңіп алса, 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасында абсолютті рекорд орнатып, 16 алтын жүлдеге қол жеткізген еді.

Болжам бойынша екінші орынға Германия құрамасы жайғасуы мүмкін. Немістер дәстүрлі түрде шана спорты, бобслей және биатлонда мықты саналады. Өткен маусымда олар жалпы есепте 36 жүлде иеленіп, бұл көрсеткіш бойынша Норвегияға ғана жол берді. Алайда алтын медаль саны небәрі тоғыз болды.

АҚШ құрамасын да тізімнен сызып тастауға болмайды. Америкалық спортшылар сноуборд, фристайл, мәнерлеп сырғанау және бобслейде үздіктер қатарында. Соңғы жылдары әйелдер құрамасы шаңғы жарыстарында тәп-тәуір нәтиже көрсетіп жүр. Өткен маусымдағы әлем чемпионаттарында АҚШ спортшылары 12 алтын медаль алып, жалпы саны 32 жүлде еншіледі.

Сондай-ақ Канада да тосынсый жасай алатын құрамалардың бірі. Хоккейден бөлек, канадалықтар конькимен жүгіру, шорт-трек, фристайл, мәнерлеп сырғанау және бобслейде мықты. Былтырғы маусымда «үйеңкі жапырақты» ел спортшылары 25 жүлде жеңіп алса, соның 10-ын алтын медаль болатын.

Ерекше атап өтерлік тағы бір команда – Швейцария. Спортшылар өткен маусымда 10 мәрте жеңіс тұғырына көтеріліп, жалпы саны 28 жүлде олжалады. Соңғы жылдары швейцариялықтар фристайлда мықтылығын дәлелдеп жүр, оған қоса дәстүрлі түрде тау шаңғысы мен керлингтен де тұрақты нәтижелер көрсетіп келеді.

Ашылу және жабылу салтанаты

Футбол әлеміне әйгілі, аңызға айналған «Сан-Сиро» стадионы 2026 жылы өзінің 100 жылдығын атап өтеді. 77 мыңға жуық көрерменді сыйдыра алатын бұл аренада төртжылдықтың басты спорттық додасы ресми түрде бастау алады.

San Siro / Getty Images

Ал Олимпиаданың жабылу салтанаты ежелгі Верона қаласындағы «Арена ди Веронада» өтеді. Б.з.д. 30 жылы салынған, 12 мыңнан астам көрерменге арналған бұл тарихи амфитеатр Олимпиада-2026 мен Паралимпиада ойындарының ашылу-жабылу рәсімдерінің басты сахнасына айналмақ.

Милан – Кортина Олимпиадасы Қазақстан үшін рекорд жаңартатын дода емес, бірақ жаңа есімдер қалыптасатын, бағыт-бағдар айқындалатын кезең болмақ. Соңғы 30 жылда небәрі 8 медаль алған ел үшін әрбір мүмкіндік стратегиялық маңызға ие. Егер осы Олимпиададан кейін де талдау жасалмай, ал нәтиже үшін жауапкершілік тек спортшыларға артылса, төрт жылдан соң дәл осы сұрақтар қайта көтеріледі.

Нақты жауапты, әдеттегідей, Олимпиаданың өзі береді.