Ақ халаты абзал жандар: әскердегі қызмет

23 Маусым 2023, 13:27 1778

Әлемде бірнеше құрметке лайық мамандықтар бар. Соның бірі — дәрігерлер. Оларды «ақ халатты абзал жандар, адам жанының арашасы» деп жатамыз. Қалай атасақ та, артықтық етпейді. Дәрігерді ұлықтау, құрметтеу — қоғамдағы үлкен парыздардың бірі.  Ал маусым айында осы бір мерейлі мамандық иелерін құттықтауға арнайы күн бөлінеді. El.kz ақпарат агенттігі Ұлттық ұлан қатарында әскери қызметшілердің денсаулығының қорғаушысы, шипагері болып жүрген, қаншама жылдар қызмет жолын әскери медицина саласына арнаған ерекше тұлға жайында сөз қозғамақ

Осы тұста 6698 әскери бөлімі медицина пунктінің аға маманы старшина Рашид Жолдыбаев жайлы әңгіме өрбітпекпіз.

«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек. Қаншама жауынгерлеріміздің ауруына араша болып, сапқа қосылуына себепші болған старшина Рашид Жолдыбаев туралы көп жазуға болатын еді. Алайда мақтануды жаны қаламайтын қарапайым жан қызмет жолынан бірер ақпар жариялауға әрең келісті.

1974 жылы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Бөген ауданы Темірлан ауылында дүниеге келген Рашид Әлімханұлы 1979 жылы отбасылық жағдайына байланысты Шымкент қаласына көшіп келеді.

Мектеп қабырғасын 1990 жылы аяқтаған соң, Леңгір қаласындағы медицина училищесіне «Фельдшер» мамандығы бойынша оқуға түседі. Алғашқы еңбек жолын 1993 жылы 167/2 түзеу мекемесінде медицина пунктінде маман болып бастайды. Сол жылы қараша айында әскер қатарына алынып, Жамбыл облысы Қордай ауданындағы 25744 әскери бөлімінде фельдшер болады.

1994 жылы тәжік-ауған шекарасында қызмет ететін жиынтық батальон құрамында таулы аймаққа санитарлық нұсқаушы болып барады.

Бізді бұл елге әскерге жібермес бұрын 1 ай көлемінде қатаң дайындықтан өткізді. Қарудың барлық түрінен атуды үйретті. Алматыдан Душанбе қаласына ұшып бардық. Ауа райының қолайсыздығына байланысты екі аптадай Душанбе қаласында болдық. Екі аптадан соң Памир тау бөктеріндегі жауынгерлік қызмет орнына бардық. Алғашқы күні өзімізге қорғанатын арнайы орын дайындадық. Бәрімізде оқтаулы қару мен гранаталар болды. Әлі есімде таңға дейін көз ілмедім. Кейін үйреніп кеттік. Бір ротада 86 әскери қызметші болдық. Ең алғашқы көз алдымда қалып қойған ауыр оқиға взвод командирі болған лейтенант жараланып, көз алдымда ауыр жарақатының салдарынан қаза болды, қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Аман алып қала алмадық, – деп есіне алды старшина Рашид Жолдыбаев.

Әскери мерзімдік қызметін аяқтаған соң, елге оралып фельдшер қызметін түзеу мекемесінде қайта жалғастырады. Кейін Шымкент қаласындағы 6506, 6698 әскери бөлімдерінде медицина саласындағы қызметін осы уақытқа дейін атқарып келеді. 1996 жылы отбасын құрып, үйлі болады. Жары – Жолдыбаева Ғалия да медицина саласының қызметкері, отбасында екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр.

Үлкен ұлы – Рүстем Отан қорғаушы мамандығын таңдап, осы күні 3517 әскери бөлімінде рота командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары болса, қызы Аделина мектепте шәкірт тәрбиелеген ұстаз. Үйдің кенжелері Дамир мен Дарина мектеп қабырғасында.

Бала кезден офицер болуды армандап едім, офицер болу бақыты бұйырмады, бүгінгі таңда өзім жетпеген арманды ұлым жалғастырып офицер болды, екінші ұлым да мектепті аяқтаған соң төтенше жағдайлар саласындың офицері болғысы келеді, – дейді ол.

Офицер болмаса да, әскери форма мен ақ халатты қатар киген бұл жанның Отан қорғау саласындағы ерен еңбегі еш кетпеді.

Қаншама жауынгердің тәні мен қатар жанына шипа берді.

 6698 әскери бөлімінің медицина пунктінің
бастығы капитан Жарасбаева Ләззат ол кісінің кәсібилігі туралы айтты.

Алғаш әскери бөлімнің медицина пунктіне келгенімнен-ақ, жасының үлкендігіне қарамай сіз деп сыйлай білді. «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» дегендей жоғары білімді дәрігер болсам да, тағылымды тәжірибесі мен тәлімі мол бұл жандардан үйренгенім аз емес, - дейді ол.

Ұлттық ұлан қатарында бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетіп жүрген нәзікжандылар да бар. Солардың бірі - елордалық 5573 әскери бөлімінің 10 жедел мақсаттағы ротасының аға маманы аға санитарлық нұсқаушысы аға сержант Ақкүміс Биманова туралы әңгіме етпекпіз.

Ол Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауылында 1978 жылдың 28 тамызында дүниеге келген. Әкесі Құлымбет ағай аталмыш елді мекенде қойма бастығы болып бірнеше жыл қызмет атқарған, бес баласының сауатты, көзі ашық, білімді болуы үшін күні-түні еңбек етіп, барлық жағдайларын жасауға тырысып баққан ұлағатты әке. Ал анасы Аманкүл Тойжанқызы Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай қаласында 1953 жылы дүниеге келіп, қойма бастығының көмекшісі қызметін атқарған. Қазіргі уақытта екеуі де зейнеткерлік демалыста. Ақкүміс Құлымбетқызы бала күнінен биге, өнерге, спортқа деген қызығушылығы басым болып өседі, оқуда озат оқушылардың қатарынан табылды.

Алдыңғы қатарлы оқушылардың бірі атанған кейіпкеріміз 1995 жылы мектепті бітіргеннен соң, арман қуып Алматы қаласына келеді. Қазақстанның ірі қаласы саналатын Алматы қаласындағы қазіргі ҚазҰУ-не жоғары балл жинап, грант иесі атанады.

Дегенмен, Ақкүміс Құлымбетқызына бұл оқуды аяқтау бұйырмаған екен, ол аяғын жарақаттап алып, көп уақыт емдеу қажет еткендіктен жоғары оқу орнын тәмамдай алмайды. Екіжылдық үзілістен кейін ол 1997 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Жетісай медициналық колледжіне мейірбике мамандығы бойынша оқуға қабылданып, оны 2000 жылы аяқтайды.

Қыз баланың мақсаты – адал жар, аяулы ана атану болғандықтан, ол өзінің өмірлік серігін тауып, ата-анасының ақ батасымен шаңырақ көтереді. Алғашқы еңбек жолын Шымкент қаласындағы Балалар ауруханасында гастроаллергология бөлімшесінде мейірбикелік қызметімен қатар Наркологиялық диспансер орталығында да жұмыс істеп, тәжірибесін шыңдайды.

Ал 2007 жылы Ұлттық ұлан қатарына келіп, әскери қызметке орналасады. Ол кездегі Ішкі әскер, қазіргі Ұлттық ұланның қатарына келуімнің өзі бір кездейсоқ болды дейді кейіпкеріміз.

2007 жылы жас қала - Астанаға бауырыма қыдырып келген болатынмын. Менде сол сәтте әскери форма киіп, әскери қызметші атанамын деген ой болмаған еді. Сіңлім «біздің үйдің жанында әскери бөлім бар, әскери қызметке қызығушы едің ғой, мүмкін құжат тапсырып көрерсің» деген ұсыныс тастады. Мен де ойланбастан, тәуекел етіп, бір күнде құжаттарымды толықтырып, әскери бөлімге келдім. Сол кездегі Ішкі әскердің (қазіргі Ұлттық ұланның) 5570 әскери бөлімі Кадр бастығы капитан Әліби Шаменов құжаттарымды қабылдап алды, бірақ «өзіміз қажет болса хабарласамыз» деді. Араға екі ай салып, Әліби Тлегенұлы жұмысқа қабылданғаным туралы жақсы жаңалық айтып, қуантты. Бірақ ата-анам қарсылығын білдіріп, қатты алаңдады. Бірақ, менің ішкі әлемім бас қала – Астананы қалағандықтан еш ойланбастан құжаттарымды жинақтап, арман қалаға жол тарттым. Менің Ұлттық ұлан қатарындағы еңбек жолым осы 5570 әскери бөліміндегі медициналық қызметінің медбикесі лауазымынан басталды, – дейді Ақкүміс Құлымбетқызы.

Оның айуынша, мамандықтың оңайы жоқ, дегенмен медицина қызметі үлкен жауапкершілікті талап етеді, оларға қателесуге жол жоқ.

Оның үстіне әскери-медицина қызметкерлері үшін жауапкершіліктің жүгі екі есе ауыр. Себебі, олар Отанға адал қызмет етумен бірге Гиппократ антына да адалдық таныту қажет. 

«Ортаға біліміңмен емес, мінезіңмен сыясың» дегендей, аға сержант Ақкүміс Биманова ұжымға өте сыйлы жан. Ашық жарқын мінезімен үлкенді де құрметтеп, кішіге де ізеттілік танытып отырады. Әскери Жарғыны жақсы меңгерген, әскерде 16 жылдан астам қызмет еткендіктен, лауазымдық міндетін жауапкершілікпен орындайды. Ақкүміс Құлымбетқызының қызметте кемшілік жіберіп, ұжымдның, әскери бөлімнің атына кір келтірген кезі болған емес. Алдына келген жауынгерлер мен әскери қызметшілерге қолынан келген көмегін жасап, олардың толық сауығып кетуіне барынша күш-жігерін жұмсайды. Орайы келгенде барлық медицина қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтаймын, әрқашан еңбектеріңіздің жемісін көре беріңіздер дегім келеді, - деп 5573 әскери бөлімі медицина қызметінің басшылығы кейіпкеріміз туралы пікірін білдірді.

Аға сержант Ақкүміс Биманова қызмет барысында жанында тек жақсы адамдар болғанын айтады.

 Офицерлер мен әскери қызметшілер әскерге үйренісіп, оң-солымды тануға көп себептерін тигізді дейді. 5573 әскери бөлімінің басшылығы мен әріптестеріне де өзінің алғысын білдіріп, үнемі қолдау көрсетіп отыратынын айтып жеткізді.

Кейіпкеріміздің жары да осы Ұлттық ұлан ардагері. 2017 жылы зейнетке шыққан жолдасы Махметов Болатбек те осы құқықтық тәртіп әскерінде қызмет еткен. Тұңғыш баласы 23 жаста, ол қазіргі уақытта Астана қаласындағы жедел жәрдемде қызмет етіп, ал екінші баласы Астана қаласындағы №71 мектепте 8 сынып оқушысы, үшінші баласы биыл 1 сыныптың табалдырығын аттаса, кенже қызы бала-бақшаға барады.

Ақ халатты абзал жан атанған дәрігер мамандығын армандамаған бозбала немесе бойжеткен сирек кездесетін шығар. Мұның өзі осы кәсіп иелеріне деген құрметтің ерекшелігін де танытатын сияқты.

Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген. Тағы бір кейіпкеріміз 7552 әскери бөлімінің медицина маманы аға сержант Жанат Жиенбаева. Ол әскери мамандардың денсаулығын қадағалайды. Әскери салада жүргеніне 15 жылдан асып, әскери тәртіпке де бағынып, отбасы жылуын да сақтап отырған ақ халатты абзал жан. Жанат бос уақытында өзінің мамандығы жайында білімгін жетілдіріп отырады.

Бала кезден медицина саласын қызықты әрі  жауапкершілігі аса көп жұмыс деп есептейтінмін, отбасымда  әскери адамдар да, медицина өкілдері де бар.Бір шетінен әскери киім киіп, болаттай мықты тәртібі бар жұмысты қарастырдым, екіншідіен адамдарға барынша көмек көрсеткім келген еді. Сондықтан мектепте 9 сыныптан кейін медицина саласын таңдаймын деп шештім. Оқу орнын қызыл дипломға бітірген соң, Ұлттық ұланда жұмыс орындары бар екенін біліп, алған мамандығыма сай, қызмет атқара бастадым. Өзім отбасымда айтқанымдай әскери адамдар болған соң, бала кезден тәртіп болды, сондықтан жұмыста аса қиындық болмады десем, артық айтпаспын. Көзді ашып-жұмғанша, Отанға қызмет етіп жүргеніме 15 жыл болыпты. Бүгінгі таңда Алматы қаласында орналасқан 7552 әскери бөлімінде қызметімді атқарып жатырмын, – дейді өз сөзінде Жанат Алпамысқызы.

Осы ретте еліне адал, Ұлттық ұлан қатарында талмай қызмет атқарып жатқан ақ халат  

Аягөз ҚҰРМАШ
Бөлісу: