Соңғы жылдары әлемде еңбек уақытының тиімділігін арттыру үшін жұмыс кестесін қысқарту тәжірибесі кең тарай бастады. Кейбір мемлекеттер дәстүрлі 5 күндік емес, 4 күндік жұмыс аптасын енгізіп, қалған үш күнді демалысқа арнауда. Бұл тәжірибе жұмысшылардың денсаулығы мен өнімділігін арттыруға бағытталған. El.kz интернет порталы тілшісі ТОП-5 ел туралы деректерді назарларыңызға ұсынады.
Исландия – қысқа жұмыс аптасын алғаш сынақтан өткізген елдердің бірі. 2015-2019 жылдары жүргізілген эксперимент нәтижесінде қызметкерлердің өнімділігі төмендеген жоқ, керісінше, олардың көңіл-күйі жақсарып, күйзеліс деңгейі азайды. Қазір елдегі жұмысшылардың көпшілігі қысқартылған жұмыс уақытына көшті.
Бельгияда қызметкерлер апталық 38 сағаттық жұмысты 5 күннің орнына 4 күнде атқаруға құқылы. Бұл оларға ұзақ демалыс беріп, жеке істеріне уақыт табуға мүмкіндік береді.
Жапония – еңбекқор халық ретінде белгілі, алайда соңғы жылдары онда да жұмысшыларға аптасына үш күн демалыс беру тәжірибесі енгізілуде. Microsoft компаниясы Жапонияда 4 күндік жұмыс аптасын сынақтан өткізіп, өнімділіктің 40 пайызға артқанын хабарлады.
Араб Әмірліктерінде 2022 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлер үшін ресми жұмыс аптасы 4,5 күнге қысқартылды. Жұмыс аптасы дүйсенбіде басталып, жұма күні түске дейін аяқталады. Бұл шара халықаралық нарықпен үйлесімділікті арттыруға және қызметкерлердің өмір сапасын жақсартуға бағытталған.
Зерттеулер көрсеткендей, қысқа жұмыс аптасы тек демалыс уақытын арттырып қана қоймайды, сонымен қатар қызметкерлердің шығармашылық қабілетін дамытуға, отбасына көбірек уақыт бөлуіне және жалпы қоғамның өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететін көрінеді.