Апта ішінде елімізде 3 329 қылмыс жасалды

19 Қыркүйек 2022, 12:38 1400

Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті

Апта ішінде елімізде 3 329 қылмыс жасалды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті, деп хабарлайды El.kz.

«Бір апта ішінде 3 329 қылмыс жасалды. Оның 2069 тәулік ішінде ашылды. Полиция қызметкерлері «ізін суытпай» 3 кісі өлтіруді, 5 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіруді, 1 қарақшылық, 44 тонау және 466 бөтен мүлікті ұрлау қылмыстарын ашты», - деді ол министрліктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифингте.

Сонымен қатар, ол Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың тапсырмасымен Тергеу департаментінің басшылығы, Әскери-тергеу басқармасы және оның өңірлік бөлімшелері Қарулы Күштердің, Ұлттық ұланның және Шекара қызметінің барлық бөлімдеріндегі жеке құрамды құқықтық хабардар ету, сондай-ақ тәуелсіз психологтарды тарта отырып, әскерилер арасындағы қайғылы жағдай мен өз-өзіне қол жұмсау фактілеріне жол бермеу бойынша алдын алу жұмысын жүргізіп жатқанына тоқталды.

«Қазіргі уақытта аталған іс-шара еліміздің барлық өңірінде жүзден астам әскери бөлімшелерді қамтыды. Бұл ретте мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерден өз әріптестерін құрметтеу, командирлердің заңды бұйрықтары мен өкімдерін орындау, сондай-ақ әскери жарғылардың талаптарын мүлтіксіз сақтау талап етіледі. Командирлер тарапынан заңсыз іс-әрекеттер орын алған жағдайда бұл туралы дереу әскери полиция немесе ІІМ әскери-тергеу органдарына хабарлау ұсынылады», - деді Шұғыла Тұрлыбек.

Бөлісу: