Қазақстанда Халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) жаңғыру жолына түседі. Алдағы уақытта олар дәстүрлі «терезе – кезек – қағаз» қағидатынан бас тартып, Apple Store үлгісіндегі заманауи цифрлық кеңселер форматында жұмыс істемек. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Министрдің айтуынша, қазақстандықтар жыл сайын ХҚКО-ға шамамен 15 миллион рет жүгінеді. Алайда көрсетілетін қызметтердің 80 пайызы небәрі ең сұранысқа ие 10 мемлекеттік қызметке тиесілі. Осы жайт цифрландыру процесін жеделдетуге түрткі болған.
Былтырдан бастап біз осы қызметтердің барлығын толық цифрландыруды қолға алдық. Қазірдің өзінде олардың бір бөлігі онлайн форматқа көшірілді. Соның нәтижесінде ХҚКО-ға келушілер саны айтарлықтай азайып келеді, – деді Жаслан Мәдиев.
Осыған байланысты қолданыстағы ХҚКО-ларды «Халықтың цифрлық кеңселері» форматына көшіру жоспарланып отыр. Жаңа үлгідегі кеңселерде азаматтар мемлекеттік қызметтерді өз бетінше, компьютерлер мен терминалдар арқылы ала алады. Ал орталық қызметкерлерінің міндеті құжат қабылдау емес, кеңес беру мен бағыт-бағдар көрсету болмақ.
Министр өңір әкімдіктеріне мұндай цифрлық кеңселерді қажетті техникалық құралдармен толық қамтамасыз ету міндеті жүктелетінін де атап өтті.
Ыңғайлы әрі заманауи цифрлық халық кеңсесі әкімдіктің тұрғындар алдындағы бет-бейнесіне айналуы тиіс, – деп атап өтті ол.
Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгеріс мемлекеттік қызметтерді алу процесін айтарлықтай жеңілдетіп, адам факторын азайтуға және уақыт үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттырып, электронды үкіметке деген сенімді күшейтуге жол ашпақ.